Алматыда тозығы жеткен арықтарды жаңарту жұмыстары қалай жүріп жатыр? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда тозығы жеткен арықтарды жаңарту жұмыстары қалай жүріп жатыр?

14.08.2023

Алматыдағы 400 шақырым арық желісінің тоз-тозы шыққан. Салдарынан қалада жауын-шашын бола қалса, жүзден астан аумақты су алады. Әсіресе Түрксіб, Наурызбай, Алатау мен Әуезов ауданындағы мыңдаған тұрғынның берекесі қашады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жауын-шашын бола қалса, Алматы Венецияға айналып шыға келеді. Сөзімізге айқын дәлел өткен сенбі күнгі жауған нөсер. Оның салдарынан қаланың 50-ден астам аумағын су басты. Қазір мегаполис аспаны ашық. Дегенмен синоптиктер алдағы күндері ауа райының күрт бұзылатынын болжап отыр. Құзырлы органдар болса, тасықынның алдын алумен емес оның салдарымен күресіп әлек.

Қазір қаланың 40-тан астам аумағында су бұру өткелдері жаңартылып жатыр. Мамандардың сөзінше олардың әбден тозығы жеткен.

Еркебұлан Омарбек, қалалық экология және қоршаған орта басқармасының бас маманы:

Сенбілік жауын-шашыннның әсерінен 53 су басу аймақтары анықталды. Оның себебі тамыз айының бір айлық мөлшері бір күнде жауып өткен болатын. Оған қоса кейбір аймақтарда қоқыстың толып қалуынан пайда болды.

Яғни тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілмеген. Бірақ өткен сенбі нөсер жауып, көшелер мен жер асты өткелдерін су басқанда жағдайды реттеуге бірден мыңнан астам маман мен 600 техника жұмылдырылыпты. Олар тек тасқынның салдарымен күресіп отыр. Тағы жауын-шашын болса, тізеден су кешеміз деп алаңдайды жұрт.

Сәулетшілер мен экологтардың сөзінше қаладағы арық жүйесі соңғы жарты ғасырда жаңартылмаған. Қазір арықтар жаңбыр, еріген қар және тау суы қоса ағатын шағын арна ретінде пайдаланылып отыр.

Жанна Спунер, сәулетші, урбанист:

Қазір жергілікті әкімдік жаңбыр суы ағатын кәріз жүйесін де арықтарға бұрып, жұмысын жеңілдетіп алған. Салдарынан тау, еріген қар мен жаңбыр суы араласып арнасынан тасып жатыр. Сондай-ақ су ағардың жиектерін бетондап тастайды. Су жағаға сіңбей, үлкен жылдамдықпен төменге қарай кетеді. Нәтижесін өздеріңіз көріп жүрсіздер.

Қазір қалада 1500 шақырымнан асатын арық жүйесі бар. Оның 400 шақырымы ескіріп, әбден тозған. Тиісті мекемелер, қазір 88 көшенің арығын жаңартып, тағы 48 көшеде жұмыс жүргізуде. Мамандар жыл соңына дейін қалада су басу қауіпін 80 пайызға дейін азайтамыз деп отыр.

Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу