Басты Жаңалықтар Энергетикалық инфрақұрылым Екібастұзда ғана емес, ел бойынша тозған - Президент

Энергетикалық инфрақұрылым Екібастұзда ғана емес, ел бойынша тозған - Президент

Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек! Бүгін Кереку өңіріне жұмыс сапарымен барған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Екібастұзға арнайы ат басын бұрды. Жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстарын көріп, жергілікті жұртпен жолықты. Әрі Үкіметке жылыту маусымына дер кезінде дайындалуды тапсырып, шаруаны мандыта алмағандар қызметінен қуылатынын ескертті.

Досжан Маратұлы, тілші:

Қара түтіні будақтап жатқан Екібастұздың жылу электр орталығы. Былтыр мұнда апат болып, ондаған мың адам сарышұнақ аязда жылусыз қалған еді. Бұл жағдай биыл да қайталанып, тұрғындар дірдек қағып жүрмей ме? Жылыту маусымына дайындық қалай? Қандай жұмыстар жүріп жатыр?

Міне, осыны көріп білу үшін Президент аймаққа жұмыс сапарымен арнайы келді.

140 мыңнан астам тұрғыны бар Екібастұзды жарықпен, жылумен қамтуы тиіс орталық 1956 жылы салынған. Содан бері, яғни, жетпіс жылда мүлдем жөндеу көрмеген. Салдарынан шіріген құбырлардан су кетіп, қазандықтар істен шыққан еді. Үкімет басшысының орынбасары биыл жұртты тоңдырмаймыз деді.

Роман Скляр, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

Үкімет резервінен жылу электр орталығын жөндеуге жеті жарым миллиард, ал жылу желілерін ауыстыру үшін 9 миллиард теңге бөлінген. Бұл қаржыға Екібастұзда бұрын соңды болмаған жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Ендігі жылы да 9 миллиард бөлініп, шаруаны ширата түсеміз.

Қазір қаланың іші астаң-кестең. Жолдар қазылып, құбырлар жаппай ауыстырылып жатыр. Аймақ басшысы Асайын Байхановтың айтуынша бұл жұмыстарды бастамай тұрып, құбырларға гидравликалық қысым жасалған. Сөйтіп, тексеру кезінде әбден тозған құбыр желісінен 300-ден астам шұрық тесік табылған. Әзірге 64 мың шақырым құбыр мен 6 шақырымдай жылу магистралі жаңартылды. Орталық ішінде де күнде дамыл жоқ.

Досжан Маратұлы, тілші:

Бұл қыста істен шыққан жылу қазандықтары. Байқасаңыз, қазір мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Мамандардың бірі құбырларды дәнекерлеп жатса, енді бірі оны ауыстырумен айналысуда. Қысқасы, жұмыс көп, уақыт тығыз. Өйткені күн суытқанша үлгеру керек.

Тимур Календарев, мердігер компанияның бас директоры:

Күрделі жөндеу жұмыстарын сәуірде бастадық. Қазір 270 маман күні-түні қазандықтарды қалпына келтіріп жатыр. Екі ауысыммен жұмыс істейді. Қыркүйектің 20-сына дейін үш қазандық, қалғаны қазанның соңына дейін дайын болады.

Дайын болуы тиіс. Мұны Президент қатаң тапсырды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл жұмыс бақылауымызда болады. Бұл – өте маңызды жұмыс. Олқылықтар болса, тиісті шешімдер қабылдаймыз. Былтыр қыста болған жағдай қайталанбауы керек.

Мемлекет басшысы қақаған қыста жылусыз қалған екібастұздықтармен де жолықты. Қиын-қыстау сәтте сабыр қылып, ауызбіршілік танытқаны үшін алғысын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Екібастұзға ахуалды көру үшін арнайы келіп отырмын. Өткен қыс оңай болған жоқ. Бәрін көрдім, түсінемін. Дегенмен бәріміз бір ұлт, бір ел ретінде ауызбіршілік танытуымыз керек. Қала тұрғындары осы қиын жағдайда сабырлық танытып, шыдады. Азаматтық позициясын, көзқарасын білдірді. Сондықтан баршаңызға ризашылығымды білдіремін.

Тұрғындар да көңіл бөліп келгені үшін мемлекет басшысына риза. Тіпті мүмкіндікті құр жібермей, қаладағы өзге проблемаларды көтерді.

Жалпы энергетикалық инфрақұрылым Екібастұзда ғана емес, ел бойынша әбден тозған. Былтыр ревизия кезінде 37 жылу электр орталығының апатты жағдайда екені анықталған еді. Орташа тозу деңгейі 60, кейбірінікі 80 пайызға жеткен. Оны жаңартпай алға жылжу мүмкін емес деді Президент. Өйткені энергетиканың экономикадағы рөлі зор. Президент бұл саланы ілгерілету үшін қыркүйектегі жолдауында дамудың жаңа моделін ұсынатынын айтты.

Досжан Маратұлы

Бөлісу