Павлодарда ескі үйлері сүрілген тұрғындар жаңа баспаналарына кіре алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодарда ескі үйлері сүрілген тұрғындар жаңа баспаналарына кіре алмай жүр

08.08.2023

Павлодарда ескі үйлері сүрілген тұрғындар төрт жылдан бері жаңа баспаналарына кіре алмай жүр. Шағын аудандағы екі қабатты апатты үйлердің орнына қазір жаңа тұрғын үй кешені салынған. Бірақ 50 ге тарта отбасына пәтер сол күйі берілмеді.

Елена Дудиева мына зәулім үйдің жанына келгенде бір сәт аялдайды. Бір кездері бұл жерде оның 30 жыл тұрған ескі үйі болған. 4 жыл бұрын сүрілді. Содан бері алты баланың анасы әкімшілік жалдап берген пәтерде тұрады. Жалақыға ай сайын 50 мың теңге бюджеттен түседі. Жетпегенін өзі қосады.

Елена Дудиева, қала тұрғыны:

Төрт жыл болды, әр ай сайын он мың теңгені өз қалтамнан қосамын. Коммуналдық төлемдерді өзім төлеймін. Бастапқы да бізге бір жылдың ішінде жаңа пәтер береміз деген. Содан бері күтіп жүрміз. Соңғы рет мамырда беріледі деген, міне тамыз болды, жоқ.

Бұрынғы Алюминстрой шағын ауданындағы 150 ге жуық екі қабатты ағаш үйлер апатты деп танылып, 2016 жылдан бастап кезең кезеңімен сүрілді. Қазір Сарыарқа деген жаңа мөлтек аудан бой көтерді. Бірақ елуге тарта отбасы әлі күнге дейін тиесілі баспаналарын алмаған.

Александр Моисеев, қала тұрғыны:

Затяжка выдача наших квартир это коррупционное начало...АУДАРМА: Біздің пәтерлерімізді беру мерзімінің созылып кетуі нағыз сыбайлас жемқорлықтың көрінісі. Өйткені, біраз адамдар бір жылға жетпей пәтер алып алды. Олардың үйлері біздің үйімізден кейін сүрілген болатын. Бұны қалай түсінуге болады?

Әкімшілік кінә мердігерден дейді. Солардың жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары қыс бойы тоқтап тұрған.

Арман Асылханов, қалалық Құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

Мердігердің салғырттығынан жылу желілерін дер кезінде қоса алмадық. Сол себепті қыс кезінде құрылыс жұмыстары тоқтап, көктемде басталды. Енді қазір ұсақ-түйек жұмыстар қалды. Бір үйді қыркүйек айында пайдалануға береміз. Ал, осы аудандағы қалған тұрғындар жыл соңына дейін баспаналы болады.

Қазір бұл шағын ауданда сүрілмеген алты үй қалды. Құлағалы тұр. Бірақ тұрғындарға берілетін баспана дайын болмайынша бұл үйлерді бұзбаймыз,- дейді әкімшілік өкілі. Себебі, уақытша пәтер жалдаудың өзі бюджетке үлкен шығын келтіреді екен.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу