Ақмола облысында 100-ден астам жұмысшы бірнеше жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында 100-ден астам жұмысшы бірнеше жылдан бері еңбекақысын ала алмай жүр

08.08.2023

Ақмола облысында 100-ден астам жұмысшы бірнеше жылдан бері еңбекақысын ала алмай келеді. Щучье қаласын жылумен қамтамасыз етіп келген кәсіпорынның жұмысшыларға жалақы бойынша қарызы 70 миллион теңгеге жуықтаған. Бұдан бөлек, қызметкерлерге жылдар бойы зейнетақы мен медициналық сақтандыру төлемдері де дұрыс төленбеген. Еңбекақысын даулаған азаматтар құзырлы органдарға шағымданғанымен, әзірге нәтиже жоқ,-деп отыр.

Жұмысшылар бірнеше жылдан бері жалақысына қол жеткізе алмай, құзырлы органдардың табалдырығын тоздырған. Алайда, мұнымен мәселе шешілер емес,-дейді олар. Себебі, үш жыл ғана жұмыс істеген кәсіпорынның есепшоты бұғатталғандықтан берешекті өндіру мүмкін болмай отыр. Оған қоса, мекеме жылдар бойы салық төлеуден жалтарып, оған да 600 миллион теңге қарыз болып шыққан.

Валерий Габченко, жұмысшы:

Құрғақ уәдемен тойдырып бітті. Маған 700 мыңға жуық ақша қарыз. Қаншама жылдар бойы жағдай өзгерер емес. Не істерімізді білмей отырмыз. Кәсіпорын қарызға батқандықтан жалақымызды көрмейміз. Қанша жерге арыздансақ та, олардан ештеме өндіре алмай отырмыз. Өйткені, иелігінде ештеме жоқ.

Лариса Иполитова, жұмысшы:

Жарты жылдан кейден зейнетке шығуым керек. Бірақ зейнетақы қорыма қаншама жылдан бері ақша аударылмаған болып шықты. Тіпті, медициналық сақтандыру да жоқ. Бірде бір аурухана қабылдамайды. Осыған дейін жалақыдан барлығын ұстап келген. Бірақ ешнәрсе төленбепті.

Қарызға әбден батқан кәсіпорын банкрот деп жарияланбаған. Есепшоты бұғатталғандықтан тек қызмет түрін ауыстырыпты. Сондықтан әкімдік қаланы жылумен қамтуды басқа компанияға жүктеген. Жұмысшылардың жалақысын да солар қайтаруы тиіс,-дейді жауаптылар.

Арман Абырахманов, Бурабай аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

Қаланы жылыту басқа кәсіпорынға берілгендіктен қарызды да, дебиторлық берешек те соларға тапсырылды. Яғни, олар алдағы екі айда қала тұрғындарының жылу бойынша қарызын толықтай жинап алуы тиіс. Сосын сол ақшамен жұмысшылардың жалақысы төленеді. Қазіргі уақытта осындай әдіспен қызметкерлерге 9 миилион теңге төленді.

Сондай-ақ жергілікті билік мұнымен мәселе шешілмесе, қарызды бюджет есебінен жабамыз,-деп отыр. Алайда, оның қашан бөлініп, қай уақытта жұмысшыларға берілетіні белгісіз.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу