Әлемнің бірқатар елінде үздіксіз нөсер жауып, су тасқыны жүрді. Қытайда табиғи апаттан 14 адам қаза тапқан. Словенияның солтүстік және батыс бөлігінде жолдар жабылып, энергетика инфрақұрылымына зақым келді. Мыңдаған үй жарықсыз қалған. Көршілес Австрияда бірнеше ауыл тұрғындары қауіпсіз жерге көшірілді.
Қытайдың Шулань қаласында бүгін «Доксури» тайфуны әкелген тасқыннан 14 адам қаза тапты. Мұнда тамыздың бірінен бері нөсер жауын тоқтамай жауып тұр. Су қоймалары мен ірі өзендерде су деңгейі айтарлықтай көтерілген. Табиғи апаттан қаза тапқандар арасында Шулань қаласы мэрінің орынбасары мен 4 шенеунік бар. Олар су басқан аудандарды аралап жүргенде алапат тасқын басталған.
Үздіксіз нөсерден кейін жүрген тасқыннан ондаған миллион қытайлық зардап шегіп отыр. Табиғи апат Бейжің-Тяньцзинь-Хэбэй өңірінің халқын әбігерге салды. Ел астанасында мұндай нөсер жауын соңғы 140 жылда болмаған. Қазір топан сумен күрес жалғасып жатыр. Ел билігі қалпына келтіру жұмыстарына 63 миллион доллар бөлді.
Гао Донг, жергілікті тұрғын:
Барлық жиһаз бүлінді. Үй ішінде тасқын судың биіктігі менің бойыммен бірдей, шамамен 180 сантиметрге жеткен. Айналадағы үйлер жермен-жексен болды. Еңбегіміз еш кетті, үйлер енді тұруға жарамайды. Жүрек ауырады. Азық-түлікке дейін су шайған. Енді қалай күн көреміз?
Словенияны да алапат тасқын жайлады. Мұнда табиғи апаттан 4 адам қаза тапқан. Хабар-ошарсыз кеткендер де бар. Елдің солтүстік және батыс бөлігін су басуына дамылсыз нөсер жауын себеп болған. Электр жарығы өшті. 16 мыңдай үй жарықсыз қалған. Аймақта жолдар, соның ішінде теміржол да уақытша жабылды. Тасқыннан 500 миллион еуро шығын келген. Еуроодақ Словенияға қолдау көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Жергілікті сарапшылардың айтуынша, тасқынға климаттың өзгеруі себеп болған.
Матия Тасич, Превалье қаласының мэрі:
Екі тәулік ұйықтаған жоқпыз. Тасқынмен күрес әлі жалғасып жатыр. Өндіріс аймақтарын жалғайтын көпірлер қирады. Су қатты ластанған. Қазір мүлдем ауыз сусыз қалдық деуге болады.
Ал Австрияда соңғы үш күнде жаңбыр жауып, су тасыды. 1 тұрғын қаза тапқан. Өзендер арнасынан тасып, елдің оңтүстігіндегі бірнеше ауыл тұрғындары көшірілді. Лай көшкіні жүріп, жолдар жабылған. Австрия мен Словения арасындағы шекара өткелі де жұмысын тоқтатты.
Арай Төлегенқызы