Елордада бассейннің түбінде жатқан баланы полиция қызметкері құтқырып қалды. Оқиға бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Суға батып бара жатқан бүлдіршінді сол жерде жүрген балалардың бірі көріп, көмекке шақырған. Ес-түссіз бүлдіршінді бассейннен құтқарушы қыз алып шыққан. Артынша ер адам 5 жасар ұлды көтеріп алып, жерге жатқызады. Сол сәтте көмекке отбасымен демалып жүрген полиция қызметкері Назым Шәріпова келіп, алғашқы медициналық жәрдем көрсеткен. Шұғыл әрекеттің арқасында, бала аман қалды.
Назым Шәріпова, Есіл ауданы полиция департаментінің бөлім анықтаушысы, полиция майоры:
Біздің жұмыста осындай оқулар жүргізіледі. Соның арқасында. Бала былай 4 минуттай суда жатып қалған. Көп болды, демсіз болған бала, нашар болды.
Бассейн түбінде жатқан баланы алғаш көріп, көмекке шақырған – Инсар Асылхан есімді оқушы . Ол Павлодар қаласында тұрады. 3-сынып оқушысы отбасында үш баланың үлкені. Сабағын үздік оқиды. Бос уақытында футболмен шұғылданады. Сол күні баланы өзім құтқармақ болдым, бірақ қорқақтадым дейді, - Инсар.
Инсар Асылхан, оқушы:
Мұндай жағдайда адам дайын болу керек екен. Сондықтан болашақта мен жүзуді үйреніп, өзімді шыңдайтын боламын. Кез келген қиындықта көмек қолын созуға дағдыланамын. Күшті әрі ақылды болуға тырысамын. Баланың аман-есен екенін естіп, қатты қуандым.
Дарын Сағитов