Ел бойынша 260-тан аса мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ел бойынша 260-тан аса мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

04.08.2023

Жаңа оқу жылының басталуына аз қалды. Бірақ 68 мектеп әлі күрделі жөндеу жұмыстарын аяқтамаған. Демек биылғы оқу жылына дайын емес. Бұл туралы білім шаңырақтарының дайындығына мониторинг жүргізген Оқу-ағарту министрілігі хабарлады. Министрлік жергілікті жауапты білім басқармаларына балалардың оқитын орнын қазірден анықтауды және оқушыларды тасымалдау мәселесін шешуді тапсырған.

Бір ғана Алматы облысы бойынша 10 мектеп жаңа оқу жылына дайын емес. 1 қыркүйекте бұл білім ошақтары оқушыларды қабылдай алмайды. Жауаптылардың сөзінше, жөндеу жүріп жатқан мектептердің дені өткен ғасырдың 70-80 жылдары салынған.

Қуан Нұрақын, тілші:

Мәселен Алматы облысына қарасты Белбұлақ ауылындағы мына орта мектеп 60 жылдан аса уақыт жөндеу көрмеген. Қазір мұнда күрделі және сейсмикалық күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Мердігер компания білім ордасы пайдалануға келер жылдың көктемінде беріледі деп отыр.

Мектептерге құрылыс жұмыстары маусым айында басталған. Ал аяқталу мерзімі шартқа сәйкес, 5-12 айға дейін созылады. Демек бұл қалыпты жағдай дейді жауаптылар. Дегенмен оқушылардың білім алуына, қатынауында еш қиындық болмайды деп сендірді.

Гүлсара Исағұлова, Алматы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары:

Оқушылардың барлығы жанында тұрған мектептерге, көрші ауылдардағы мектептерге тасымалданып, оқытылатын болады. Балаларды тасымылдау үшін автокөліктер, автобустар қарастырылған. Жалпы оқу үрдісіне ешқандай кедергі болмайды. 

Жалпы ел бойынша күрделі жөндеу жүргізіп жатқан 68 мектеп оқу жылына үлгермей қалуы мүмкін. Бір ғана Ақтөбе облысында 12 мектеп, Алматы және Атырау облыстарының әрқайсысында 10 нысан бірінші қыркүйекке дайын емес.

Осыны ескерген министрлік жергілікті атқарушы органдарға кедергісіз білім алуды ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар жіберген. Қазір еліміз бойынша 260-тан аса мектепте жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мереке Амангелдіқызы, ҚР Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз хатшысы:

Әкімдіктермен 193 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары 1 қыркүйекке дейін аяқталады. Сондай-ақ мониторинг нәтижесінде келісімшартқа сәйкес күрделі жөндеу жұмыстары 51 мектепте жылдың соңында, ал 17 мектепте келесі жылдың басында аяқталатыны анықталды.

Министрлік өкілдері ешқандай мәселе туындамайтынына сенімді. Бақылауда ұстаймыз деді. Тамыз айының соңында барлық мектептер тексеріліп, қосымша талдау жұмыстарын жасауды жоспарлап отыр.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу