Ақмола облысында су бөгеті апатты жағдайда тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында су бөгеті апатты жағдайда тұр

04.08.2023

Ақмола облысында ауылдан небәрі 4 шақырым жерде орналасқан су қоймасындағы гидротехникалық бөгет апатты жағдайда тұр. Ал жергілікті билік оны өз бетінше жөндеуге қауқарсыз. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Гидротехникалық бөгет осыдан 40 жыл бұрын салынған. Содан бері жөндеу көрмепті. Қазір оның тоз-тозы шығып тұр. Оған қоса мұндағы төрт құдықтың барлығы жарамсыз күйде.

Осыдан алты жыл бұрын су қоймасы арнасынан асып, елдімекенді қарғын су басқан. Тұрғындардың айтуынша, әкімдік сол кезде жөндеу жұмыстары жақын арада басталады деп сендірген. Алайда содан бері жағдай өзгермеген көрінеді. Ал биылғы көктемде бөгет мүлдем жарамсыз күйге түскен.

Наталья Улинич, Ивановка ауылының тұрғыны:

Қорқамыз. Ауылды кез келген уақытта шайып кетуі мүмкін. Бөгеттен мүлдем су өтпейтін күйге жетті. Барлығының тоз-тозы шығып тұр. Көктем келсе, ауыл тұрғындары түні бойы ұйықтамайды. Қаншама жылдан бері құрғақ уәдеге тойдық.

Татьяна Заболотная, Ивановка ауылының тұрғыны:

Әкімдік егер су арнасынан тасыса, тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріледі дейді. Бірақ біз қайда барамыз? Осы ауылда тұрып жатқанымызға қаншама жыл болды. Үйіміз бар, өз шаруашылығымыз бар. Қайда барып, кімге шағымданарымызды да білмей отырмыз.

Қазіргі уақытта жергілікті билік бөгеттің жобалық-сметалық құжаттамасын дайындап, тиісті сараптамалар жасатуға жіберген. Алайда оның қашан басталып, қай уақытта аяқталары белгісіз.

Ардақ Смайылов, Бұланды ауданы әкімінің орынбасары:

Келесі аптада ауданда біз төтенше жағдайға қатысты комиссия өткіземіз. Сонда осы сұрақтарды көтеріп, бір шешімге келу керекпіз деп ойлаймын. Шешіміміз мына дамбаны ашу керекпіз. Ашпасақ, үлкен қауіп төніп тұр.

Ауыл тұрғындары, одан бөлек, ауыз судан да тарығып отыр. Ашынған халық тіршілік нәрін 25 шақырым жерден тасып ішуге мәжбүр. Елді мекенде су айдау мұнарасы мен құбырлар тартылған. Бірақ олар сол күйінде іске жарамсыз болып жер астында қалып қойыпты. Ал әкімдік бұл мәселе келер жылы толығымен шешіледі деп отыр.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу