Аты бар, заты жоқ үй! Қарағандылық тұрғын атында үйі жоқ екенін дәлелдей алмай жүр. 35 жыл бұрын жер үй, гаражымен, үлкен жер уаскесімен атына өтіп кеткен. Бірақ иесі емеспін дейді. Ал құзырлы органдар тұрғынның өтінішіне құлақ асатын емес.
Алуа – қарағандылық тұрғын. Бірақ, Қызылорда қаласында үлкен үй жер учаскесімен қоса атында тұр. Мұны ол 7 жыл бұрын кездейсоқ білген. Жалақы алатын картасын банк бұғаттап тастайды. Себебін сұраса мүлік салығы төленбеген деген. Содан бері, аты бар, заты жоқ үйге жыл сайын салық төлейді, декларация тапсырады.
Алуа Нұрбайқызы, Қарағанды қаласының тұрғыны:
Гараж, жекежай, тұрығн үй 1987 жылы маусым айы ма, шілде айы ма сол уақытта тіркелген деді. 1987 жылы тіркелген болса, мен ол кезде 7,8,9 айлық бала шығармын. Сосын мен олардан мен не істеуім керек, қайда барамын деп сұрадым. Сіз бұл жақта түк істей алмайсыз, жергілікті жерде жасалынады, ол үшін Қызылордаға баруыңыз керек. Мен сол кезде Қызылордаға қоңырау шалдым. Одан кейін карантин басталды, кішкентайлы болдым. Сондай нәрселермен ол қалды. Бірақ жыл сайын салық маған келіп тұрады. Жыл сайын. Егер мен оны төлемесем, олар алады менің есепшотымды бұғаттап тастайды.
Айнұр Сартаева, Мемлекеттік кірістер комитетінің ресми өкілі:
Бізге бұл азаматшаның аты-жөнімен, ЖСН-мен жылжымайтын мүлкі бар деген ақпарат ресми келіп отыр. Біз енді ресми түрде келіп отырған ақпаратты негізге алмай, салық есептемей отыра алмаймыз. Сондықтан да салық органының бұл міндеті.
Аталған мекен-жай бойынша Қызылорда қаласындағы үйді іздеп бардық. Иелері мүліктің басқа біреудің атында тұрғанынан бейхабар. Өз мүлкі өзіне тиесілі емес екенін білгенде көзіне жас алды.
Ажар Садықова, Қызылорда қаласының тұрғыны:
Жоқ ондай естіген жоқпыз. Бізде сатып алуға, атымызға аударуға жағдай болмады. Балам ұзақ жыл ауырды, соны емдедік. Сөйтіп әйтеуір ұласып кетті. 96 ма, 97 жылы ма сатып алдық. Сол бар білетініміз. Жағдайымыз болмады, ары аударам, бері аударам деп жүргенде уақыт өтіп кетті.
Ал үйдің негізгі иесімен қарағандылық тұрғынның аты-жөні бірдей болып шықты. Тіркеуден өткізген кезде үй қызылордалық әжейдің орнына қарағандылық аттасына өтіп кеткен.
Аида Абибуллаева, «Азаматтарға арналған үкімет» МК Қызылорда облысы бойынша филиал директоры:
Бізде 2000-жылдардың басында актуализация жүйесі жүргізілген. Яғни мына қағаз жүзіндегі құжаттардың барлығын біз электронды форматқа ауыстыру барысында сондай қателіктер орын алған екен. Бірақ ол кездегі «центр недвижимости» деп айтамыз «жылжымайтын мүлік орталығы» деген мекемелер ол жұмыстарды атқарған. Сол жұмысты атқару барысында осындай қателіктер орын алған.
Алуа есімді қызылордалық әжей 22 жыл бұрын қайтыс болған. Дегенмен 5 мұрагері бар. Мемлекеттік органның салғырттығынан аттасы жыл сайын салық төлеп, сергелдеңге түсті. Бірақ 7 жыл бойы шешілмеген мәселе біз араласқаннан кейін 2 күнде реттелді.
Асима Нұрбайқызы