«Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі алапат өрттен кейін тұрғындарды баспанасыз қалдырмау үшін жергілікті әкімдіктің резервінен қаражат қарастырылды. Яғни тұруға жарамсыз үйді жауапты компания қалпына келтіргенше, 100 шақты отбасы өзге жерден пәтер жалдап тұрады. Ал өрттің нақты неден шыққаны анықталмайынша, үйге тек пәтер иелері полицияның қатаң бақылауымен ғана кіріп шығады.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Өрттің болғанына 3 күн өтсе де, ыстың мына иісіне шыдау қиын. Полиция бізге үй иесімен тек екінші қабаттағы пәтерге кіруге рұқсат берді. Іштегі жағдайды бірге көрейік.
Дәліздегі электр сымдарының жанып кетуінің салдарынан пәтердің кіреберісінен өткен қою түтін балконға дейін айналаны қап-қара күйе қылған. Тұрғындар күн сайын тұмшаланып келіп, қажетті заттарын тасып әлек. Енді оларға алдағы екі ай уақыт пәтер жалдап тұруға жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Бастысы тұрғындар арендаға алатын үйдің иесімен келісім-шартқа отыруы қажет. Ал ақша әр пәтер иесінің жеке шотына аударылады.
Азамат Қалдыбеков, Алатау ауданының әкімі:
Мемлекеттің қазір арендаға квартира алып беруі қиын. Пәтер біреуіне ұнайды, біреуіне ұнамауы мүмкін. Сондықтан өздеріңізге ұнайтын пәтерді алыңыздар. Бірақ 200 мыңнан артық емес 1 бөлмеліге, 2 бөлмеліге 300 мыңнан артық емес. Ол бір талап. Екінші талап, енді әділетті болу үшін, қанша бөлмелі пәтерді жалдадыңыз, сонша бөлмелі алуыңыз керек.
Тұрғындар бұл талаптарға келісеміз, бүгінен бастап үй іздейміз дейді.
Иә, мектеп, бала-бақшаға қатысты мәселе туындамайды деп уәде беріп отыр жауаптылар. Ал өрттен кейін жансақтау бөліміне түскен баланың беті бері қарады. Ол токсикология бөліміне ауыстырылды. Сондай-ақ екі ересек адам да жансақтау бөлімнен шығарылды. Одан бөлек, ауруханада жатқан 6 жасөспірім ауруханадан үйіне жіберілді. Соның бірі - 14 жастағы Саян Сәтжанұлы.
Назгүл Мырзағұлова, Саян Сәтжанұлының анасы:
Бірінші күні ауыр халде 2-ші Сарыарқадағы ауруханада жатты. Жансақтау бөлімінде. Одан кейін бір медбике қоңырау шалып, балаңыз жақсы, уайымдамаңыз деп сол кезде баламның дауысын өзім естіген болатынмын. Содан емделіп, бүгін баламды алып шықтым, Мыңда бір рахмет!
Ауруханада жатқан 3 бала ертең үйлеріне жіберілмекші. Түтінге тұншыққан адамдарды алдағы айда сауықтыру орталықтарына да жіберу жағы қарастырылып жатыр екен. Оған дейін тұрғын үйді салған «Ayt Housing Complex» компаниясы жаңа кабель шахтасын орнатуы тиіс. Одан кейін ішкі жөндеу жұмыстарын аяқтап, бас-аяғы 20-қыркүйекке дейін тұрғындар түгел өз үйлеріне оралулары қажет.
Әйгерім Ердәулет