Басты Жаңалықтар Атырауда ауа жұту қауіпті болып барады

Атырауда ауа жұту қауіпті болып барады

Атыраудың ушыққан экологиялық ахуалы жақсаратын болады. Тұрғындарды әбден титықтатқан проблеманы жергілікті билік, былтыр ғана жасақталған жол картасы арқылы шешеміз дейді. Ал, қаптаған кәсіпорынның құрсауында қалып, зауыттардың зардабын тартқан қалың жұрттың бұған сенгісі жоқ. Өйткені, қоршаған ортаға залал келтірген ірі мұнай компанияларының басым бөлігі, тек айыппұлмен ғана құтылып келеді.

77 жастағы Қағаз әженің қара шаңырағы мұнай өңдеу кәсіпорнының іргесінде тұр. 10 құрсақ көтерген ана бәрінен бұрын балаларының болашағына алаңдайды. Өзінің де денсаулығы сыр бере бастаған. Зауытқа жақын үйлер 9 жыл бұрын көшірілген. Бірақ, оның баспанасы санитарлық шекараға енбей қалған. Бұл аумақта көштен қалған тағы 10 –нан астам түтін бар.

Қағаз Қарабалиева, тұрғын:

Факелдің оты лаулап жанса, шарбаққа кәдімгі күл түседі. Қап-қара болып. Таңертең тұрғанда сасып тұрады, газдың иісі деген. Жатқызбайды. Не істейік, шыдап жүрміз.Көшірсе екен деп тілеп жатырмыз енді.

Өңірде қоршаған ортаға кері әсерін тигізіп отырған 397 кәсіпорын бар. Ең ірілерінің бірі – қаладағы мұнай өңдеу зауыты. Өткен жылы өндіріс ошағына экологиялық кодексті бұзғаны үшін 100 млн теңгеден аса әкімшілік айыппұл салынды. Биылдың өзінде 5 рет жоспардан тыс тексеріс тағайындалған. Жұмысын тоқтату мүмкін емес. Өйткені кәсіпорын – стратегиялық нысандардың қатарына жатады.

Жасұлан Бисембиев, Атырау облысы әкімінің орынбасары:

Обьектінің категориясына байланысты 50 пайыздан 80 пайызға дейін көгалдандыру жұмыстары қамтылуы керек санитарлық аймақтарда. Қазіргі таңда АНПЗ бұл жұмыстарды жасап жатыр. Бірақ біздердің есебіміз бойынша өте баяу жүріп жатыр. Сондықтанда қазір біздер қоршаған орта жөнінде комиссияда ай сайын бұл мәселелерді тыңдап, мейлінше тездету бойынша өзіміздің бақылауымызда ұстап отырмыз.

Биылғы жылдың бірінші жарты жылдығында өңірдегі кәсіпорындарға 19 жоспардан тыс тексеріс жүргізіліп, 68 әкімшілік іс қозғалды. 7 млрд теңгенің үстінде айыппұл салынды. Бір алаңдатарлығы, аудандарда да экологиялық жағдай мәз емес.

Сырым Тілегенов, Атырау облысы бойынша бас мемлекеттік экологиялық инспектор:

Индер ауданы бойынша мысалы экологиялық рұқсат құжаты болмағандықтан ауылдағы тұрмыстық қалдықтарды қабылдау палигоны 7 ауылда да сот шешімен тоқтатылды. Сондай-ақ, Жылыой су компаниясын тазалаусыз суды далаға айдағаны үшін сот шешімімен жұмысы тоқтатылды.

Билік ушыққан экологияны қоршаған ортаны қорғау жөнінде қабылданған жол картасы арқылы біртіндеп шешеміз деп отыр. 30 тармақтан тұратын құжаттың шеңберінде жұмыстар басталып кеткен.

Жандос Темірғали, тілші:

Келер жылы жұртты қолаңса иіске бөктірген кәріз суы төгілетін екі булану алаңы жабылады. Ал қаланың іргесіндегі қоқыс палигонына рекультивация жасалады. Оған 7 млрд теңге қаралып отыр.Қазір жобасы дайын тұр. 

Жандос Темірғали

Бөлісу