Басты Жаңалықтар Түркістан облысы Отырар ауданының шаруалары егістікке тамшы су таппай отыр

Түркістан облысы Отырар ауданының шаруалары егістікке тамшы су таппай отыр

Түркістан облысы, Отырар ауданының шаруалары егістікке тамшы су таппай отыр. Бес бірдей ауылдың дихандары еккен дақылдар мен қауын қарбыздар қурап қалғанын айтады. Ал, арық түбіндегі шалшық су төрт түліктен артылмайтын көрінеді. Бір ғана Талапты ауылына қарасты 220 гектар алқапқа су берілмесе, шаруалар 200 млн теңгеден артық шығынға батамыз деп қорқады. Ерте көктемде «Қазсушар» мекемесінің аудандағы өкілдігімен келісім жасалып, ақысын төлегенімен бәрі бекер болды дейді. Ағын судан қор болдық деген ауылдағы 25 қожалық иесің бармаған жері баспаған тауы қалмаған.

Қойшығұл Мамыров, Талапты ауылының тұрғыны:

Мына каналдың бойында 200 гектар жер бар. Су ішпегелі қанша болды. Қауындары қалды, жүгерісі қалды. Қазір енді собықтайтын кез келді. Әлі шашақ та шығарған жоқ. Сол күйі қалды. Өзі күнін көре алмай отырған шаруа қанша ақшамен істеді осыны, енді босқа шығынға қалайын деп тұр.

Бахтияр Мәмбеталиев, шаруа қожалығының төрағасы:

20 млн несие алғанмын, бала-шағамның аузынан жырып. Екпесең жеріңді алып қояды. Ексең, міне каналда су жоқ. Қазір менің қауыным 75 күнде пісу керек еді. Қазір 60 күн болды, бір тамшы су барған жоқ. Бір тамшы.

Арыс өзенінен бөлінетін канал бойындағы тоғыз насостың тең жартысы істен шыққан. Кеше ғана жөндеуден өткен құрылғылар сапасыз дейді халық. Ал өзекті мәселеге жауапты Қазсушар мекемесінің қызметкері болса ағын судың биыл тапшы болып тұрғанын айтады. Сондықтан суды әзірге сұраған көлемде бере алмаймыз деп кесіп айтты.

Хамитбек Елкей, «ҚазСушар» РМК Отырар аудандық бөлімшесінің басшысы:

Қараспаннан үш-ақ куб алып отырмын. Мәселе әлі алда болып тұр қиыншылық. Жоқ суды қайдан алып берейін мен. Мен басшылықтарға барам, қолымды жаямын. Олар да қолын жаяды. Қайдан енді источник жоқ қой. Арыс өзені бұзылып қалған. Бұл енді табиғат қой, табиғи құбылыс қой.


Бөлісу