Елде 646 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елде 646 мыңнан астам адам үй кезегінде тұр

01.08.2023

Халықтың көп бөлігін үймен қамту үшін байлық салығын енгізу керек. Отандық мамандар осындай ұсыныс жасады. Себебі жыл сайын миллиондаған шаршы метрлер қолданысқа берілгенімен, тұрғын үйге мұқтаждар саны азаймай келеді. Ел бойынша 646 мыңнан астам адам кезекте тұр. Оларды баспанамен қамту үшін 900 миллион шаршы метр керек. Сонымен қатар, құрылыс көлемі қысқарса баспана бағасы қымбаттап, жағдай ушығуы мүмкін.

Биыл бес айда 5,5 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген. Бұл былтырғы дәл осы кезеңдегі көрсеткіштен 15 пайыз жоғары. Оның 90 пайыздан астамын жекеменшік компаниялар салған. Бір қарағанда, пандемиядан кейін сала қарқынды дамып келе жатқан сияқты. Бірақ бұл бір-екі жыл бұрынғы экономикалық ахуалдың әсері дейді мамандар.

Виктор Микрюков, Қазақстан құрылысшылар қауымдастығының президенті:

Бұл 2021 жылдың соңында және былтыр басталған жобалар. Қазір олар қолданысқа беріліп жатыр. Сол кезде нарықта құрылыс жүргізуге тиімді факторлар болды. Бірақ қазір ел бойынша айына небары 7-8 тұрғын үйдің құрылысы басталады. Бұл өте аз. Осы қарқынмен кете берсе 1-2 жылда нарықта тапшылық туып, үй бағасы қайтадан аспандап кетуі мүмкін.

Ел бойынша ең үздік көрсеткіш Астанада тіркелді. Мұнда 1,2 млн шаршы метр қолданысқа берілген. Одан кейінгі орында 938 мың шаршы метрмен Алматы қаласы жайғасты. Бірақ бұл мегаполистердегі үймен қамтылу статистикасы жақсармаған. Елордада 47, Алматыда 41 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр. Жалпы Қазақстанда бір адамға 23,4 шаршы метрден келеді. Ал Біріккен ұлттар ұйымының стандарты бойынша жан басына 30 шаршы метрден тиюі керек. Экономист Мақсат Халық бұл мәселені байлық салығын енгізу арқылы шешуге болады дейді.

Мақсат Халық, экономист:

Басыңызда екі пәтер ар ма? Жарайды. Бірақ үшінші пәтерден бастап сіз кәдімгідей салық төлеуіңіз керек мемлекетке. Егер ондай процес жүретін болса, онда азаматтар мен үшінші, төртінші пәтерді не істеймін деп ойланады. Оған соншама қыруар салық төлегенше, одан да мен оның бәрін сатып жіберейін. Сонда баспанасы жоқ адамдардың тезірек баспаналы болуы, жылдамдайтын сияқты.

Былтыр Қазақстанның тұрғын үй қоры 405 млн шаршы метрден асты. Оның 264 миллионы қалада, қалғаны ауылда орналасқан. Мамандар әлемдік стандартқа жету үшін кемінде 900 млн шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілуі керек дейді. Яғни, құрылыс қарқынын төмендетуге болмайды. Өйткені, азаматтардың тұрғын үймен қамтылуы халықтың әл-ауқат деңгейінің тікелей көрсеткіші.

Серік Селеубайұлы


Хабарламаларға жазылу