Қазақ-ауған өзара байланысы қарқынды дамып келеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақ-ауған өзара байланысы қарқынды дамып келеді

01.08.2023

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы тауар айналым өткен жылы 1 млрд долларға жуықтады. Екі ел арасындағы қарым-қатынасының келешегі зор. Ауғанстан - Орталық Азия, Үндістан және Парсы шығанағы елдерін байланыстыратын көпір. Сондықтан сауда-экономикалық ынтымақтастықтың беки түсуі қазақстандық экспорттаушылардың көкжиегін кеңейтеді. Жаңа нарық пайда болады, алыс-беріс көбейеді.

Тікелей сауда, энергетика, транзит және гуманитарлық миссия. Қазақстанға тиімді төрт бағыт. Ауғанстанның көлік-логистикасы еліміз үшін Пәкістан нарығына тура жол. Бұған қоса, Карачи және Гвадар теңіз порттарына, одан әрі Үндістанға, Таяу Шығыс елдеріне, тіпті, Африкаға шығуға болады.

Бауыржан Мұратбекұлы, экономист:

Біз өзіміздің сауда-экономикалық қатынасымызды әртараптандырудың ең бір тиімді әрі жағымды жолы – ол осы Ауғанстан бағытында біздің экономикалық қатынасты дамыту. Және де ол біздің экономикалық мүддемізге, басқа да бір саясатымызға қарама-қайшылық жоқ деп айтуымызға болады.

Достыққа негізделген қарым-қатынас аясында Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек көрсетіліп келеді. Тек жыл басынан 5 жарым мың тоннаға жуық түрлі тауар жеткізілді. Бұл - өңірлік дамудың тұрақтылығына қолдау. Ауғанмен байланыс талибан үкіметін мойындау дегенді білдірмейді. Бұл ретте Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шешімдерін қатаң сақтайды.

Бауыржан Әукен, ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының аға сарапшысы:

Қазақстан мен Ауғанстан арасындағы қарым-қатынастардың маңыздылығы ең алыдмен – экономикалық байланыс. Екінші ретте, ол – халық арасындағы байланыс болып табылады. Экономикалық байланыстардың үзілмеуі экономикалық дағдарыс кезінде өте маңызды болып табылады.

Ауғанстан отандық экспорт үшін тиімді. Екі ел арасындағы тауар айналым өткен жылы 988 млн долларға жетті. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе көп. Оның 90 пайызы – қазақстандық экспорт. Біздің ел ұн экспортының 70 пайызын ауған халқына жөнелтеді. Өткен жылы оның көлемі 52 пайызға өсті. Жеткізетін бидай 20 пайызға, күнбағыс майы – 6 есе ұлғайды. Енді биылдан бастап қара бидай жөнелтіле бастады. Азық-түліктен бөлек, мұнай-химия, металлургия, жеңіл өнеркәсіп, машина жасау салалары бойынша әріптестікті нығайтуға мүмкіндік бар. Бұл ретте еліміз құны жарты млрд доллар болатын тауар мен өнім жеткізуге қауқарлы.

Дарын Сағитов, тілші:

Ауғанстан Орталық Азияда Қазақстанмен ең көп сауда жасайды. Әлеуетті артыру маңызды. Осы орайда елордада екі елдің бизнес-форумы өтеді. Ауған тауарларының көрмесі ұйымдастырылады. Шараға 200-ден астам делегация келеді. Оның арасында қаржы, бизнес, телекоммуникация саласының өкілдері бар. Мақсат ортақ – қазақ-ауған байланысын нығайтып, экономиканы дамыту тетіктерін ширата түсу.

Дарын Сағитов

Хабарламаларға жазылу