Астананы саябақ қалаға айналдыру деген мақсатымыз бар - урбанистика орталығының өкілі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Астананы саябақ қалаға айналдыру деген мақсатымыз бар - урбанистика орталығының өкілі

31.07.2023

Биыл Астанада бір миллион жасыл желек отырғызылады деп жоспарлануда. Елорда әкімі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, бұл тұрғыда тұрғын үй салатын мердігер компанияларына да талап күшейеді. Енді олар үйлерді салып ғана қоймай, сол тұрғын үй кешендерінің аумағын абаттандыру мен көгалдандыруына да тікелей жауапты болады.

Биыл Астанада берілетін үйлердің көгалдандыру жоспары қайта қаралуда. Осылайша қала басшылығы мердігерге тапапты күшейтіп, тұрғын үй кешендерінің аумағына ағашты көптеп отырғызуды көздеп отыр. Биылдың өзінде 100 мың ағаш осы баспана салып жатқан жеке компаниялардың есебінен отырғызылады деп жоспарланған.

Аслан Қандығұлов, Астана қалалық урбанистика орталығының бөлім басшысы:

100-ден астам тұрғын үй жобасын қарастырғанбыз. Барлық тұрғын үйлерді қарастырған кезде сол мердігерлер 100 мыңнан астам жасыл желек отырғызылады. Тек әкімдік атынан ғана емес, құрылыс компаниялардың атынан да осындай саясат болуы керек. Осы бес жылдың ішінде Астананы саябақ қалаға айналдыру деген белгілі мақсатымыз бар.

Ал Астанада 1 миллион жасыл желекті егу жұмыстары көктемде басталыпты. Қазір жауапты мекемелердің бірі енді ағаш отырғызуды күзде қайта жалғастыратындарын айтады.

Ерназар Серікбаев, «Астана Зелень Строй» ЖШС бас агрономы:

Негізі «Астана Зелень Строй» бойынша 50 мыңнан аса ағаш егіледі. Көктемде басталды, күзде ол жұмыстарды бітіреміз. Осы жақта өсетін, өзіміздің питомниктен шыққан ағаштар, ақтерек бар, шегіршін бар, аққайын бар, осы ауа-райына осы топыраққа үйренген ағаштарды отырғызып жатырмыз.

Ал халық Астанада көлеңке таппай қиналатындарын айтады. Сондықтан көше бойында ағаш өсіп, жайқалып тұрса дейді.

Самал Қабышева, тілші:

Дәл қазір біз Астана қаласындағы Түркістан көшесінің бойындағы тұрғын үйлердің бірінің маңында жүрмыз. Дәл осы аумақтың өзіне 9 жас көшет отырғызылған. Бірақ сол 9 ағаштың төртеуі қурап кеткен. Ал биыл Астанада 1 миллионнан ағашты отырғызу жоспарланып отыр. Ал оның қаншасының жайқалып, қаншасының қурайтынын уақыт көрсетеді.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу