Самокат пен мопедке қатысты өзгерістер бір айдан кейін күшіне енеді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Самокат пен мопедке қатысты өзгерістер бір айдан кейін күшіне енеді

31.07.2023

Самокат пен мопедке қатысты өзгерістер 30 тамыздан бастап күшіне енеді. Яғни, тура бір айдан кейін транспорттың бұл түрін тізгіндегендер жол ережесін бұзса, айыппұл төлей бастайды. Жаңа құжатқа сәйкес, электросамокат жүргізушісінің жасы 18-ден асқан әрі қолында кез келген санаттағы көлікті басқара алатын жүргізуші куәлігі болуы шарт. Басында шлем, ал қараңғы уақытта үстінде жарық шағылыстыратын зат болуы қажет.

Сондай-ақ тротуарда сағатына 6 шақырымнан тез жүруге болмайды. Адам мінгестіріп, жүк тиеп жүруге де тыйым салынады. Талапты орындамағандар 18 мың теңгедей айыппұл төлейді.

Еске салайық, мопед пен электр самокатқа қатысты заң жобасына сенаторлар күмәнмен қараған болатын. Алайда оның қалай іске асатыны құжат қолданысқа енгеннен кейін белгілі болатынын алға тартып заң жобасын мақұлдады. Әрі алты айдан кейін құжатты қайта қарайтындарын айтқан.  

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу