Алматыда жаяу жүргіншілер өткелдердегі жеделсатылар істемегендіктен жолдың қарсы бетіне өту қиын дейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жаяу жүргіншілер өткелдердегі жеделсатылар істемегендіктен жолдың қарсы бетіне өту қиын дейді

31.07.2023

Алматыдағы жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жеделсатылардың барлығы істемейді. Салдарынан арбамен жүретіндер мен қарт адамдардың қарсы бетке өтуі қиын. Қозғалу мүмкіндігі шектеулі жандардың айтуынша, лифттер әу бастан құжат бойынша бар болғанымен, іс жүзінде жұмыс істемейді.

Бұл қаладағы сауда орындарының бірінің маңындағы жер үсті өткелі. Байқағанымыздай, көпірден арғы бетке өту қиын. Әсіресе, Әнуарбек сияқты арбамен жүретін жандардың жолдың қарсы бетіне өтуі, тіпті, мүмкін емес.

Әнуарбек Майшыбаев, І-топтағы мүгедек:

Бар бұл иә. Осында келгенде қазір мынау құлыптанып тұр. Істей ме, істемей ме – оны білмеймін. Жұлқыладық ашылмайды есік. Ешқандай ақпарат жоқ. Кілтті кімнен алуым керек. Басқа жерлерде ашық тұрады. Бірақ ішіне кірсең, тоқ жоқ па істемейді.

Көпір салғанда жеделсаты орнатып, бұқараның қажетіне жарайды деген әкімдік жауапкершілікті Алматы қаласының коммуналдық меншігіне тапсырған. Одан ары 8 аудан әкімінің аппаратына қызмет көрсету үшін берілген.

Қуан Нұрақын, тілші:

Қала бойынша мұндай 73 жер үсті өткелі бар. Олардың 55-інде жеделсаты орналасқан. Біз қаладағы бірнеше өткелді аралап шықтық. Алайда барлығында өздеріңіз көріп тұрғандай, есіктері жабық, ешқандай ақпарат көзі жоқ.

Жауаптылар алғашында мұндай жеделсатылар жүріп тұруы қиын шектеулі жандар да пайдалана алады деген еді. Қала әкімі де былтыр бұл мәселеге алаңдаушылық білдіріп, лифттер жөнделетінін айтқан болатын.

Ерболат Досаев, қала әкімі:

Әсіресе, жаяу жүргіншілер өткелдеріндегі жұмыс істемейтін лифтілер алаңдатады. 2022 жылдың шілдесінде үш жерүсті жаяу жүргіншілер өткелінің күрделі жөндеуі аяқталады. Қозғалу мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған лифттер де жөнделеді.

Қазір Алатау ауданы бойынша 18 өткелге жөндеу жұмыстары басталған. Қыруар қаржы жұмсалып, халықтың игілігі үшін салынған лифттердің қашан толық іске қосылары белгісіз. Қала билігі тек барлық жер үсті жаяу жүргіншілер өткелдеріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі деп отыр. Сондықтан мүмкіндігі шектеулі жандар мен қарттардың әзірге күтуден басқа амалдары жоқ.

Қуан Нұрақын

Хабарламаларға жазылу