Адам құқығы – ең қымбат қазына. Шымкентке іс сапармен келген еліміздің Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев адам құқығын қорғау бағытына ерекше назар аударып, бұл қоғамның даму деңгейіне әсер ететіндігін мәлімдеді. Уәкіл үшінші мегаполиске жасаған сапарында бірқатар нысанды аралап көрді. Омбудсмен жұмыс сапарын әйелдерді түзеу мекемесінен бастады. Бұл колонияда 250-ден аса сотталушы бар. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жазасын өтеушілермен жүздесіп, мекемедегі санитарлық-медициналық мәселе жайын талқылады.
Артур Ластаев, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкілі:
Санитарлық-медициналық көмек туралы шағымдар болған еді. Біздің адам құқықтары жөніндегі жедел уәкіл ретінде міндетіміз – елдегі түрленудің болып жатқанына көз жеткізу. Әрбір мекемеге өзгеріс жетуі керек.
Балаларға арналған №6 әлеуметтік қызмет көрсету орталығында тірек-қимыл жүйесі бұзылған 200-ге жуық бала ем алады. Оның 24-і асыраушысынан айырылған бүлдіршіндер. Омбудсмен Артур Ластаев балалардың жағдайын көзбен көріп, мекеме тарапынан айтылған ұсыныстарға құлақ асты.
Ержан Иманбердиев, қалалық №6 балалар арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» басшысының орынбасары:
Біздің тараптан ұсыныстар болды. Ол кісілер барлық базаны аралап, көріп, оң бағасын беріп қайтты. Орталықпен танысып өтті.
Былтыр елімізде адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзіреті кеңейген болатын. Алдағы уақытта қиын жағдайда қалған балалар мен олардың отбасына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Себебі адам құқығы қашанда ең биік құндылық болып қала бермек.
Лаура Сарман