Көпшілік үшін ұшақпен ұшу қашан қолжетімді болады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көпшілік үшін ұшақпен ұшу қашан қолжетімді болады?

26.07.2023

Әуе билеттерінің бағасы негізсіз өскен. Жұрт көп қатынайтын бағыттарда 50 пайызға дейін қымбаттаған. Тұрғындардың шағымынан соң әуе компаниясына қомақты айыппұл салынды. Бұл баға саясатына әсер ете ме? Қалың көпшілік үшін ұшақпен ұшу қашан қолжетімді болмақ? Қазақстан нарығына жаңа компаниялар келе ме?

Ұшақпен ұшу қалтаны әжептәуір қағады. Әсіресе жаз маусымында. Жолаушылар көптен бері билет бағасына шағымданып келеді. Құны қымбат болса да, сапасы оған сай болмай тұр дейді бұқара.

Былтыр отандық әуе компаниялары 11 млн жолаушыны тасымалдаған. Орта есеппен баға 16,8 пайызға өсті. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мәліметіне сенсек ел нарығындағы ең үлкен Air Astana компаниясы ішкі рейстердің бағасын 10 пайызға арзандатуға уәде беріп, құжатқа қол қойған. Алайда монополистік жағдайын пайдаланып негізгі бағыттар бойынша билетті 49 пайызға дейін қымбаттатып жіберген.

Нұржан Садырбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:

Air Astana жұмысын тексердік, талдадық. Өйткені шағымдар көбейіп кетті. Авиабилеттерге қатысты. Air Astana компаниясы өзінің үстем жағдайын, яғни монополист бола отырып өзінің жағдайын теріс пайдаланып, заңбұзушылыққа барғаны анықталды. Соның аясында Алматының мамандандырылған соты 6,7 млрд теңгеге айыппұл салды.

Агенттіктің мәлімдесінен кейін әуе компаниясына сұрау жолдаған едік. Алайда билеттердің неліктен қымбаттап жатқаны туралы нақты жауап жоқ.

Басқа ұйымдардың немесе мемлекеттік құрылымдардың мәлімдемелеріне әуе компанияның түсініктеме беруі қиынға соғады.

Әуе тасымалы саласында бәсеке аз. Сондықтан да Флай Арыстан компаниясын жеке шығару керек дейді бәскелестікті қорғау агенттігі. Ал, Қазақстанға биыл бірнеше жаңа компания келмек. Дегенмен, олар тек халықаралық бағытта ұшады. Шетелдерге билет арзандауы мүмкін.

Әділет Көбенов, Азаматтық авиация комитеті халықаралық әуе қатынасын реттеу басқармасының басшысы:

Қазіргі уақытта Индиго Индияның ірі лоукостер компаниясы құжаттарын дайындап жатыр. Сонымен бірге әлемдік ең ірі лоукостердің бірі ЭйрАзия Х компаниясы ол да дайындалып жатыр. Аталған компаниялар биылғы жылы рейстер ашады деп жоспарланып отыр.

Қазір нарықтағы баға саясатын зерделеу бірнеше мемлекеттік мекемеден құрылған жұмыс тобы құрылды. Динамикалық баға саясатына өзгеріс енгізіліп, жанармай алымы алынып тасталмақ. Үкімет осылайша билет бағасына тұсаулап көрмек.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу