Басты Жаңалықтар Сарыағашта ұлттық тәрбиені ұлықтап келе жатқан ерекше отбасы тұрады

Сарыағашта ұлттық тәрбиені ұлықтап келе жатқан ерекше отбасы тұрады

Түркістан облысының Сарыағаш ауданында ұлттық тәрбиені әрдайым ұлықтап келе жатқан ерекше отбасы тұрады. Жарылқасын қария жаз шықса болды ауласына киіз үй тігіп, қаладағы немере-шөберелерінің бәрін ауылға жинайды. Жаз бойы ұлттық салт-дәстүр мен әдеп-ғұрыпты, қазақы тәрбие мен ұлттық рухты ұрпағының бойына сіңіреді.

Жасы жетпістен асқан Жарылқасын ақсақал өмір бойы ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Жұбайы Зылиха апа екеуі бес ұл тәрбиелеп өсірген. Өнегелі отбасы перзенттерінен 24 немере мен 3 шөбере сүйіп отыр. Балаларының барлығы еншісін алып, өз алдына жеке отау тігіп кетсе де немерелерінің барлығы жазғы демалысын қара шаңырақта өткізетінін айтады. Оның да өз себебі бар...

Жарылқасын Ергеш, ауыл тұрғыны:

Қазақ ретінді тілді қатты бағалаймын. Сондықтан балаларымда таза қазақша білсе деген арманым. Тілден кейін ұлттық салт-дәстүрді үйренсе деймін. Сол үшін мына киіз үйді алдырдым. Соның ішінде балаларыма білгенімді, өсиеттерімді, домбырамен әндер үйретемін.

Олармен бірге шахмат ойнаймын. Өзімде қандай жақсы қасиет болса соны үйретуге талпынамын. Көпті көрген қария кейінгі жастардың бойында намыс, жігер, патриоттық сезім сияқты асыл қасиеттердің азайып кеткеніне алаңдайды. Сондықтан өз перзенттерін қазақы рухта, ұлтжанды етіп тәрбиелеуді алдына мақсат етіп қойған. Ұлттық тәрбиеге ерекше мән беретін әулет қазақтың ұлттық киімін ұлықтап жүреді.

Зылиха Молдабаева, ауыл тұрғыны:

Ұлдарымыз да, келіндеріміз де ұлттық киімге өте бейім. Соны жақсы көреді. Немерелерімізде соны қабылдап келе жатыр. Тек қана киім емес, ұлттық асты дайындау, әсіресе ер адамның орнын биікке қою, ұл-қыздарға да әкең келе жатыр деген сияқты балаларды солай тәрбиеледік.
Жарылқасын ақсақал «Бір дастарханнан ас ішіп, бірге ойнап, бір-бірімен жақын араласқан бала - бауырмал болады»,- дейді. Оның үстіне ата-әженің тағлымды тәрбиесі мен мейірім-махаббатын ешқандай мектеп бере алмайтынын айтады. Сондықтан бұл әулеттің кез-келген кішкентайы есепке епті, білімге құштар. Өнерге бейім, өлеңге әуес.

Асыл Жарылқасын, немересі:

Мен атам мен апамнан өнерді, білімді, өлеңдерді үйренемін. Күнде таңертең атаммен бірге шахматқа барып қайтамын. Апам маған есептер үйретеді. Атам маған домбыра шертуді үйретеді.

Үлкен әулетте тәрбиеден бөлек, ас-ауқатқа да ерекше мән беріледі. Қыз балаға жастайынан ұлттық тағамдарды жасаудың қыр-сырын үйретсе, ер баланың бойына ұлттық ойын түрлерін сіңіріп өсіреді.

Жарылқасын ақсақалдың ендігі арманы – отбасындағы осы ынтымақ пен бірлікті ұрпақтары ары қарай жалғастырса деп тілейді.

Айнұр Әбілқасымқызы

Бөлісу