БҚО-да шекарадағы ауылдарға қолдау керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да шекарадағы ауылдарға қолдау керек

24.07.2023

Батыс Қазақстан облысында 121 елді мекен шекараның түбінде орналасқан. Шалғайдағы ауылдарда шешімін күткен түйіткіл көп. Мұндағы халық үкімет арнайы комиссия құрып, елдің шетінде, желдің өтінде жатқан жұртшылықтың мәселесін таразылап, тезірек шешім шығаруын сұрап отыр. Әріптесім Ардақ Мұратқызы тұрғындар талабын тыңдап қайтты.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Батыс Қазақстан облысының жеті ауданы Ресейдің бес облысымен шектеседі. Біз қазір солардың бірі - Жәнібек ауданындамыз. Мына өткізу бекетінен әрі қарай 800 метр жерде Волгоград облысы басталады. Онымен ауданның бес ауылы шектеседі.

Аудан облыс орталығы Оралдан 500 шақырым қашықтықта жатыр. 14 мыңнан астам адам тұрады. Аудан орталығында шекара заставасы орналасқан.

Амангелді Уәлиев, Жәнібек ауылының тұрғыны:

Біздерде шекара отряды бар. Соларға әлі бір үй салынған жоқ. Біреудің қорасында, сарайында күн көріп жатыр. Әуежай салынады деді, салынған жоқ, жол жоқ, сонда шекараны ойламай ма?!

Ауданға қарасты Қамысты ауылы шекарадан бес шақырым жерде. Газы, суы, әлеуметтік нысандары түгел үлкен ауыл болғанымен, халықтың көшуі тоқтамай тұр. Мектепте бала саны азайып бара жатыр.

Тоқтаған Үмітаева, Қамысты ауылының тұрғыны:

Бұрын 650-700-ге дейін бала болды. 2013 жылы осы жаңартылған мектебіміз пайдалануға берілді, 300 орындыққа арналған. Қазір енді 175-тей бала қалды. Жылдан жылға ауылдан 10-15 бала кетіп жатыр.

Оралдан ауданға дейінгі республикалық жол құрылысы бес жылдан бері бітпей келеді. Теміржол қатынасы болғанымен, бұл жаққа пойыз тоқтамайды. Төрт ауылда жеңілдетілген өткел жабылып, әр жақтағы ағайынмен алыс-беріс, барыс-келіс тоқтаған.

Ринат Мұқатов, Қамысты ауылының тұрғыны:

2000 жылдары біздің Қазақстан тарапынан шекаралық өткізу пункті жабылды. Бұл да, әрине, тұрғындарға қиындық тудырды. Қазір Ресейге шығу үшін біз ауданды айналып, 150 шақырым айналма жолмен жүреміз.

Ауылдағы жұмыссыздық, спорт, мәдени-демалыс алаңдарының жоқтығы, табыстың төмендігі жастардың тұрақтап қалуына кері әсерін тигізіп отыр.

Бұрхан Өтеғалиев, Қамысты ауылының тұрғыны:

Халықтың көшіп кетуіне жол беруге болмайды. Себебі халық кетсе, шекараны ашып кетеміз деген сөз. Далада қаңғып жүріп тауып жүрген 200-300 мың теңге табысын осы жерде отырып тапса, олар ешқайда кетпес еді отбасыларын тастап. Жерді иесіз қалдыруға болмайды.

Облыста барлығы 416 ауылдық елді мекен болса, олардың 121-і - шекара маңында орналасқан. Тұрғындар жергілікті билікке шекарадан радиусы 15 шақырым жердегі ауылдарда коммуналдық қызмет төлемін тегін етіп, үстемақы тек бюджет қызметкерлеріне емес, шаруашылықтағы жұмысшыларға да төленсе дейді.

Бибігүл Қонысбаева, облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы:

«Ауыл - ел бесігі» жобасы бар. Соңғы 4 жылда 2019 жылдан 2022 жылға дейін шекаралық ауданда орналасқан аудандарға 10 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінді. 2 мыңнан астам тұрғын жұмыспен қамту белсенді шарасымен қамтылып отыр. Соның ішінде 194 адам мемлекеттік грант алып отыр.

Бірақ бұл қолдау жеткіліксіз. Сондықтан облыс үкіметке «Ауыл - ел бесігі» жобасынан бөлек, шекаралық ауылдарға арналған дербес бағдарлама жасау туралы ұсыныс берген.

Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу