Жетісу облысында мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдері тұрғындарға беріле бастады
Жетісу облысында мемлекет меншігіне қайтарылған жер телімдері игеремін деген тұрғындарға беріле бастады. Қаратал ауданында өткен жылы 15 мың гектар жайылым қайтарылса, биыл тағы 22 мың гектар мемлекет меншігіне өтті. Осылайша өңірде біртіндеп жайылым мәселесі шешімін тауып жатыр.
Үштөбелік Тұрарбек Құрманбеков биыл көктемде жер бөлу байқауына қатысып 1000 гектар жайылымның иесі атанды. Ол жерге 50 бас жылқы жіберіп, 20 бұқаны бордақылауды жоспарлап отыр. Алған жер телімі басқа біреудің иелегінде болып, ұзақ жылдар бойы бос жатқан. Мал басын өсіріп, еңбек етем деген жандарға бұл жақсы мүмкіндік дейді шаруа.
Тұрарбек Құрманбеков, Үштөбе қаласының тұрғыны:
Биылдан бастап мен байқап отырмын. Менімен бірге 20-30 адамдай жер алды. Олардың бәрі жерге берілген, малға берілген адамдар. Қазір көбімен сөйлессеңдер әрқайсысы айтады. Бекер жатқанша адамдар пайдалану керек ол жерді. Пайдасын көру керек.
Игерілмеген алқаптар қайтарылып жатқанымен төрт түлігі өрген ауылға кең өріс керек. Бір үйде кемдегенде екі сиыр болса, енді бірінің оншақты бас малы бар. Елді-мекен маңындағы жайылымдардың тарлық етуі де осыдан. Мал басын реттейтін ортақ ереже жоқ.
Марат Қасымов, Қаратал ауданының прокуроры:
Кейбір үйлерде 100 бас. 100 бастан да асып кететін жағдайлар бар. Сондықтан да біздің ойымыз бойынша бүгінгі таңда ауыл маңындағы жайылымдық жерлердің жетпей жатқаны осы жағдай. Сондықтан да біз жоғарыда айтып өткен қызметтік хатымызда сол жағдайды көрсетіп жаздық.
Жалпы облыс бойынша 860 мың гектар жердің бос жатқаны анықталды. Биыл оның 220 мың гектары мемлекет меншігіне өтуі тиіс.
Қуаныш Қанатұлы
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
