Тариф құнын ретсіз өсіре беретін ұялы байланыс операторларын мемлекет мықтап бақылауға алуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тариф құнын ретсіз өсіре беретін ұялы байланыс операторларын мемлекет мықтап бақылауға алуы мүмкін

21.07.2023

Тариф құнын ретсіз өсіре беретін ұялы байланыс операторларын мемлекет мықтап бақылауға алуы мүмкін. Себебі, қазір елімізде олардың тариф бағасын реттейтін мемлекеттік орган жоқ. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі дәл осы мәселе бойынша бастама көтеріп, ұсыныс тастады. Агенттік тарифтерді оңды-солды өсірушілердің әрекетіне тыйым салуға ниетті.

Самал Қабышева, тілші:

Дәл қазір біз Астана қаласындағы Артем базарының маңында жүрміз. Міне бұл жердің өзінде интернет байланысы дұрыс ұстамайды. Өстіп ұзақ ойланып тұрады. Ал байланыс 4 G-ді көрсетіп тұр.

Бүгінде ел аралап жүрген Мәжіліс депутаттарының бірі Руслан Қожасбаев ауыл тұрғындарынан түсіп жатқан шағымның басым бөлігі интернет сапасына қатысты екенін айтады.

Руслан Қожасбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Интернет пен связьдың сапасы өте нашар. Бір ай бұрын мен өзім Ксел,билайн, Теле2 басшыларымен келістік, олар бізге Сарқанға 4-5 станция қойып береді. Осы кездесудің нәтижесі бүгінгі таңда осы. бірінші вышка қойылды. Сентябрьге дейін, тағы 3-4 вышка қойып беретін болды.

Бірақ, байланыс операторлары қызмет сапасын ең соңғы орынға қоятын сыңайлы. Ғаламтор жылдамдығы нашар болса да, тариф үнемі өсіп жатады. Мәселен Теле 2 байланыс операторы 22 тамыздан бастап кейбір тариф бағасының өсетінін жеткізді. Олар бағаның өсуін біздің арнаға жазбаша былай деп түсіндірді.

Бұл өзгерістер инфрақұрылымға негізделген шығындардың өсуімен, жаңа технологиялардың іске қосылуымен және дамуымен, инфляциямен, электр энергиясының қымбаттауымен және басқа да жағдайлармен байланысты.

Ал Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі нарықта ұялы байланыс операторларының тарифті көтеруіне байланысты халықтан шағым көбейгенін айтады. Агенттік тарифтерді оңды-солды өсіруге тыйым салу үшін ұсыныс тастады.

Нұржан Садырбай, ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің баспасөз хатшысы:

Біздің агенттікке ретсіз тарифтің яғни, ұялы байланыс бағасының көтерілуі туралы 120 астам шағым келіп түсті. Соның аясында қазір жұмыс істеп жатырмыз. 0232 Ұялы байланысқа мемлекеттік реттеу енгізу туралы ұсынысты біз қай уақыта дейін ұстау керек деген сұраққа келетін болсақ, яғни нарықта байланыс нарығын монополиядан арылғанға дейін.

Яғни, ұялы байланыс операторлары арасында бәсекелестік жоқ дейді, агенттік өкілі. Қазақстанның байланыс нарығын іс жүзінде Қазақтелеком мен Кар-Тел компаниясы бөліп алған. Қазақтелекомның еншісінде Кселл, Актив, теле 2, алтел яғни, байланыстың 62 пайызы болса, қалған 38 пайызы билайн брендімен танымал Кар-Тел компаниясына тиесілі. Бастаманы көтерген агенттік осы ұялы байланыс операторларын Қазақтелеком еншісінен шығарып, нағыз бәсекелестік ортада жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет деп санайды. Сонда байланыс сапасы да дұрысталады деген пайымда. Агенттік ұсынған бұл бастаманы қолдасаңыз немесе қарсы болсаңыз ашық порталына кіріп, өз пікіріңізді қалдыра аласыз. Құжатты талқылау сайтта 28 шілдеге дейін жалғасады.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу