Елімізде су құбырларының жартысынан астамы әбден тозған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде су құбырларының жартысынан астамы әбден тозған

20.07.2023

Жалпы, елімізде су құбырларының жартысынан астамы әбден тозған. Одан бөлек электр қуатымен қамтамасыз ететін желілердің үштен екісі ескірген. Халықты жылумен қамтып отырған нысандардағы құрылғылардың орташа тозу деңгейі – 66 пайызды құрайды. Жағдайды реттеу үшін Президент соңғы Жолдауында «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшуді ұсынған болатын.

Қазір елімізде шамамен 128 мың шақырымдай жылу және сумен жабдықтау, сондай-ақ су бұру желілері бар. Олардың жартысынан көбі тозған. Әсіресе, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ұлытау облыстарында желілер әбден ескірген. Орал, Степногор, Тараз, Қызылорда, Кентау қалаларындағы қазандықтардың жағдай да мәз емес. Қорыта айтқанда, елде 19 жылу электр орталығы «қызыл» аймаққа кірген.

Нұрлан Болатбаев, Қр Ұлттық Экономика министрлігі комитет төрағасының орынбасары:

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы құрылды. Тозығы жеткен жерлер бар. 29-жылға дейн 20 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр. Яғни «қызыл» аймақтағы табиғи монополиялар субъектілерін бұл зонадан шығарып, сапалы қызметтер атқару керек.

Осы айдан бастап елімізде коммуналдық қызметтер 10-30 пайызға біртіндеп өсіп жатыр. Бұл – салаға инвестиция тартудың бір жолы. Нәтижесінде халықты жылумен, электр энергиясымен және сумен үздіксіз әрі сапалы қамтамасыз етуге мүмкіндік туады. Сондай-ақ, осында еңбек етіп жүрген білікті мамандарды қолдау тетіктері де қарастырылған. Нәтижесінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшының еңбекақысы өседі.

Марат Мұстафин, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі, тариф бойынша сарапшы:

Көп жылдан бері мына жұмыскерлердің сантехник дейміз, электрик дейміз, солардың жалақысы қаланың өзінде 150 мың теңгеден аспаған. Енді қазір 300-350 мың теңгеге дейін көбейейін деп тұр. Тағы бір мәселе, халықтан сұрайтынымыз, ол – үнемдеу мәселесі. Енді біз үнемдей білуіміз керек. Суды да, жылуды да.

Тарифтерді күшпен ұстап тұрудың соңы қызметтерді кезекпен беруге немесе жарықты өшіруге әкеп соқтырады. Сапасыз қызмет, желге ұшқан ақша. Түрлі апатты жағдайлар орын алады. Осының салдарынан азаматтардың өміріне, денсаулығына қатер төнеді.

Дарын Сағитов, тілші:

Тарифті инвестицияға айырбастау» аясында алдағы 7 жылда 62 мың шақырым инженерлік желі жаңартылады. Бұған дейінгі бағдарламалар тек электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана бағытталған. Ал тарифке қатысты жобаның ауқымы кең. Бұл - саланы жаңғырту, желілерді жаңарту. Бастысы – бағаға лайық қызмет ұсынып, тұтынушының мүддесін қорғау. Жолдауда айтылған маңызды мәселелердің бір бағыты да осы болатын.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу