Шымкенттегі туристік бағыттар қатары тарихи орындармен толығады
Шымкенттегі туристік бағыттар қатары осы күнге дейін көпшілікке беймәлім болып келген тарихи орындармен толығатын болады. Олардың ішінде Қараханидттер базарындағы монша орны, ежелгі Сайрам қақпасы, аңыз желісі бойынша Арыстанбаптың Ахмед Ясауиге құрма берген орны мен Шахристан қорғаны қабырғалары бар.
Мынау Қарахан дәуіріндегі моншаның орны. Археологтардың айтуынша нысан Х ғасырда тұрғызылған. Ежелгі Сайрам қаласының тіршілігінен дерек беретін тарихи қабат 5 метр тереңдікте жатыр. 2013 жылы археологиялық қазба жұмысы жүргенімен әлі күнге жабық. Өйткені үстіне базар салынып кеткен. Тарихи жәдігерді шеттен келген саяхатшылар тұрмақ, жергілікті жұрттың өзі біле қоймайды.
Азамат Ергешбеков, археолог:
Су құбырлары және канализация және ыдыстар, бөлек формадағы. Оларға жуынуға арналған сұйықтар құйылған. Сонан соң көбінесе су құятын ыдыстар бар. Бұл жердің монша болғанының дәлелі ретінде.
Көне Сайрам қалашығы 9 ғасырдың ішінде 13 рет шабуылға ұшырап ойрандалған. Ең соңғысы жоңғар шапқыншылығында. Сол кезеңге дейін шаһарды жаудан қорғап келген шаһристан қорғанының біраз бөлігі әлі күнге дейін сақталып тұр. Биіктігі 8-10 метр болатын қоршау қабырғалардың үстімен атарба еркін жүріп тұрған.Жоңғарлар үш жыл қатарынан шабуылдап, соңғысында іштегі сатқынның көмегімен шаһарды әрең басып алған екен.
Мірәлім Мірқалдаров, тарихшы:
Әрбір қақпаның қасында күзет мұнаралары болған. Себебі қаланың орталығында бүкіл байлық, барлық мәліметтер, патшаның ордалары, негізгі мәліметтер сақталған.
Арыстанбап әулиенің пайғамбардан алған құрманы Ахмет Ясауиге беру үшін 400 жыл сақтағаны туралы аңыз ел арасына кеңінен тараған. Аманат тура осы хан көпірінің үстінде табысталған деседі. Қазір бұл жерде жалғыз тақтайшадан өзге белгі жоқ. Үшкүндік сапар барысында экспедиция мүшелері 10-нан астам тарихи орынды аралады.
Гүлнар Бекмұратова, туристік ақпараттық орталығының бөлім басшысы:
Музейлендіріп, оның қалашығын көрсететін туристерге жағдай жасау деген ұсыныс жасаймыз. Сонымен қатар жасалған тур маршрутты тур индустрияға ұсынамыз.
Жыл сайын 100-ге жуық туристік компания Шымкент қаласының тарихи, архитектуралық, мәдени орындарына саяхат ұйымдастырып келеді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері мегаполистің таңғажайып орындарын 18 мыңға жуық шетелдік азамат тамашалаған.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы