Жетісу облысы Көлбай ауылындағы емдеу мекемесіне жаңғырту жұмыстары қажет - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысы Көлбай ауылындағы емдеу мекемесіне жаңғырту жұмыстары қажет

18.07.2023

Жетісу облысы Көлбай ауылының тұрғындары не мәдениет үйіне, не емдеу мекемесіне жарымай отыр. Дәрігерлік амбулатория ғимараты жиырма жыл бұрын өртеніп кетсе, мәдени ошақ тоқсаныншы жылдардың тоқырауында құрдымға кеткен. Ал жаңасын салуға жергілікті билік асығар емес.

Амбулатория ғимараты өртеніп кеткеннен кейін ауылдың ақ халаттылары осы ғимаратты паналап отыр. 1965 жылы салынған үй әбден ескірген. Төбесінен су сорғалап, қабырғалары құлауға шақ. Десе де осы жерде емдом жүргізіп, елді-мекеннің 3 мыңға жуық халқына қызмет көрсетуде. Онда да дәрігерлер тұрғындарды үреймен қабылдайды.

Алмажан Мәдібаева, Көлбай ауылдық амбулаториясының меңгерушісі:

Ешқандай бізге көмек жоқ. Осының ішінде отырмыз. Келген науқастарымыз, ем алуға келген науқасымыз ем алмақ түгіл осының ішінде жатып басқадай апатты жағдайға ұшырайма деп қорқынышта жүрміз.

Сапалы медициналық қызмет ала алмай жүрген көлбайлықтардың көңіл көтерер орны да жоқ. Мәдениет үйін салатын жер дайын тұр. Қураған ағаштарды құлатып, маңайын тазалап та қойған.

Сейітқали Қамзанов, Көлбай ауылының тұрғыны:

Ауылымызда уақытысында мәдениет үйі де болған. Больница да болған, бәрі де болған. Міне қазір ештеңе жоқ. Жастар қайда барарын білмейді. Сондықтан да бізге мәдениет үйін салып берген дұрыс болар еді.

Әлеуметтік нысанның екеуінің де есеп-қисабы былтыр дайын болған. Бірақ облыстық мәслихат қаржыны басқа нысандардың құрылысына бөлген. Екі ғимараттың іргетасы биыл да құйылмайтын сыңайлы.

Рауан Дәуітәлинов, облыстық Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары:

Мәдениет үйінің құны 497 млн, ал врачебный амбулатория дейміз, дәрігерлік амбулаториясының құны 505 млн теңге. Ауыл ел бесігі деген бағдарлама бар. Сол бағдарлама аясында іске асырылады деп жоспарлап отырмыз.

Тұрғындар бір жыл ішінде құрылыс материалдары қымбаттап, бөлінетін қаржыға түзету еңгізу қажет деп тағы созбаққа салады ма деп алаңдаулы.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу