«Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының былтырғы қатысушысы Шерхан Арыстан «ВИТЕБСК» байқауының жеңімпазы атанған еді. Талантты өрен елге оралып, жанкүйерлер оны әуежайдан ыстық ықыласпен күтіп алды. Беларусьте өткен халықаралық ән жарысқа 20-ға жуық елден өнерпаздар қатысқан. Шерхан мүмкін болған 140 ұпайдың 140-ын иеленіп, үздік атанды.
Халықаралық додада ел намысын асқақтатқан Шерхан Арыстанды қала жұртшылығы қошеметпен қарсы алды. Талантқа ыстық ықыластарын білдіріп, алғысын жеткізді. Әнші бұл байқауға үлкен дайындықпен барғанын айтады.
Шерхан Арыстан, «Витебск-2023» байқауының гран-при иегері:
Мен бас жүлде алған кезде қатты қуандым. «Молдабайға» төрт ай дайындалғаным үшін. Молдабайдың темпі тез. Мен соған үлгермегенмін. Қазір үлгеремін.
Шерхан Арыстан - Ұлттық арна ұйытқы болған былтырғы «Qazaqstan дауысы. Балалар» мегажобасының лауреаты. Финалға дейін шыққан өнерпаз өзінің қазақилығымен, ерекше дауысымен көрермен көзайымына айналған. Енді міне, халықаралық өнер сайысында топ жарды.
Қалбибі Алпысбайқызы, Шерхан Арыстанның ұстазы:
«Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Ол жерде әрине, тақымды қыстық. Ол сезімді жеткізу мүмкін емес. Барлығы, Белорусь халқының да көздері жетті. Қандай деңгейде шыққанын. Қазақстанның қара баласының қандай деңгейде шыққанын өздері көрді.
Жас таланттың өнерге деген қабілетін ерте кезінен байқаған әжесі өнер студиясына жетелеп апарған. Содан бері тынбай еңбектеніп келеді дейді анасы.
Эльнара Серікқызы, анасы:
Әнге өте қатты қызығып, менде өлең айтқым келеді. Үлкен сахнаға шыққым келеді деп 4 жасынан. Алдына қойған мақсаты, арманы.
Шерхан Арыстанның ендігі арманы – авторлық ән жазып, клип түсіру. Ел намысын бұдан да жоғары әлемдік додаларда қорғау.
Қуан Нұрақын