Атырау облысының Исатай ауданында аз қамтылған отбасыларға арналған тұрғын үйлердің құрылысы үш жылдан бері тоқтап тұр. Нысан қазір, тіпті, қараусыз жатыр. Жобаға жауапты мердігердің төбе көрсетпегені былай тұрсын, тапсырылған жұмысты аяқтауға асығар емес. Құрылыс басында жан жоқ. Ауласы сол күйі жайрап, бәрі ашық-тесік жатыр. Бюджеттің қыруар қаржысына сатып алынған материалдар да сол күйі қалған. Қараусыз нысанның тоз-тозы шығып, әлден бүліне бастаған.
Жандос Темірғали, тілші:
Астаң-кестеңі шығып жатқан бұл тұрғын үйдің үшінші қабаты. Шатыры жабылмаған.Соның кесірінен тұрғызылған қабырғалар жауын-шашынға шыдас бермей опырылып құлап жатыр.
Жоба құны 3 млрд теңгеге жуықтайды. 800 млндай қаржы игерілмей тұр. Жоспарға сай, 180 пәтер 2020 жылы тапсырылуы тиіс еді. Мердігер бастапқыда пандемияны кейін, құрылыс материалдарының жетіспеушілігін себеп қылған. Жұмысты созбалаңға салған «ДанСтройБаза ЛТД» серіктестігін әкімдік үш рет сотқа берген. Айыппұлы да бар. Сонда да қозғалыс жоқ.
Әлібек Дүйсенов, Исатай аудандық құрылыс бөлімінің бас маманы:
Мердігер телефонды алмайды. Шақырсақ келмейді. Мердігер қазіргі уақытта қаржылық жағдайына байланысты жұмыстарды жүргізбей отыр. 1 айдың ішінде жұмыстарын бастауды, жалғастыруды міндеттеуді сұрап, сотқа арыз беріп қойдық.
Құрылысты құлдыратқан мердігерге біз де бірнеше рет хабарласып көрдік. Бірақ жауабы жоқ. Ауданда баспана құрылысы баяу. Соңғы он жылда тек 60 пәтерлік 2 түрғын үй ғана ел игілігіне берілген. Ал, кезекте 980 адам бар. Жаңа үйді сарылып күтіп отырғандардың бірі – Мәрусә әжей. Кейуана апатты жағдайдағы жеркепе үйде жалғыз жан бағып отыр.
Мәрусә Қапизова, еңбек ардагері:
2012-де бердім мен арызды. Содан бері 11 жыл болды.Іші салқын. Қыста да салқын болады. Алпысыншы жылы салынған үй ғой. Әрі айттық, бері айттық. Ештеңе шықпайтын болды. Не істеймін мен оған?Аяғым тіпті жүрмейді. Бара беретін оған.
Өңірде 36 көпқабатты тұрғын-үйдің құрылысы тоқтап тұр. Баспаналарды тұрғызу үшін қазынадан 26 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. Жобалардың кестеден кешігуіне мердігер компаниялардың жауапсыздығы себеп.
Әлібек Зейнуллаев, облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары:
Онға жуық мердігерлермен соттасу мәселесі қаралуда. Сосын, соттың мәселесі көбіне кешігеді бізде. Кейінге қалдырылады деген сияқты. Сонымен құрылыс жұмыстары да тоқтап тұрады.Бір-біріне байланысты ғой бәрі де.
Әкімдік құрылыс компанияларымен соттасып әбігерге түсіп жатқанда, өңірде баспанаға зәру 29 мыңнан астам адам пәтер жағалап жүр. Олар әзір қоныс тойын тойламайтын сыңайлы. Өйткені, жауапсыз мердігерге үйді аяқтау үшін тек 1 ай ғана берілді. Міндет орындалмаса арадағы келісімшарт бұзылады. Ал, 80-нен асқан шағында боз үйін аңсаған кейуананың қара домбырасын құшақтап мұң шаққанан басқа амалы жоқ.
Жандос Темірғали