Басты Жаңалықтар БҚО-да ұшақ билетінің бағасы шарықтап тұр

БҚО-да ұшақ билетінің бағасы шарықтап тұр

Оралда ұшақ билетінің бағасы ұшып тұр. Әрі рейстердің саны аз, уақыты да қолайсыз. Ұшақ түнде не таңғы уақытта ұшады. Облыс тұрғындары Атырау, Ақтөбе әуежайына баруға мәжбүр. Әлеуметтік мәселені көтерген облыс мәслихатының депутаттары авиация комитетінің төрағасын сұрақтың астына алды. Депутаттардың ашынуы негізсіз емес. Оралдан Астанаға дейін орташа билет құны - 62 мың теңге, Алматыға - 53 мың теңге. Демалыс маусымы қызған шақта бұл баға екі-үш есеге шарықтайды. Мәселе бес жылдан бері шешілмей келеді. Ең сорақысы - тіркелу де ақылы.

Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат депутаты:

Облыс орталығынан тек қана бір-ақ рейс ұшады Астана мен Алматы қаласына. Алайда біздің тұрғындар Ақтөбе, Атырау арқылы ұшуға мәжбүр. Неге десеңіз, Орал-Астана мен Атырау-Астана арасында ұшақтың ұшу қашықтығы бірдей болғанымен, билет құны бізде 20-30 %-ға қымбат.

Тұрарбек Төлемісов, облыстық мәслихат депутаты:

Air Astana мен FlyArystan - бір компания ғой, еншілес компаниялар. Бұл - таза монополия, өз бағасын қояды. Сосын басқа бір елде жоқ регистрацияға ақша төлеу деген. FlyArystan соны кіргізіп жатыр бізге. Ол тіптен нонсенс қой. Өзіңнің билетіңе өзің тіркелуге төлейсің. Оны және қағазға шығарып, қайтып көрсетеміз. Сондай регистрация не керек бізге?!

Тағы бір түйіткіл - ұшу рейсінің қолайсыздығы. Астана мен Алматыға ұшатын 11 ұшақтың тоғызы түнгі уақытқа қойылған. Орал әуежайынан аптасына 38 рейс орындалғанымен, сапа бағаға сай емес. Әуе тасымалына қатысты әлеуметтік желілерде тұрғындардан 12 мың шағым түскен.

Талғат Ластаев, ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитетінің төрағасы:

Билет бағасы, ұшақ көбірек ұшса, арзандауы керек. Оралда 4 рейс - күндіз, 7- рейс - түнде орындалады. Оған байланысты тағы да қарастырамыз. Бірақ оның негізгі себебі - компаниялар кестемен жүреді. Алматы мен Астана - хабтар. Хабқа жетіп, ары қарай ұшу үшін сондай кесте орналастырады.

Комитеттегілер рейс санын көбейтуге перрон мен ұшақтың жүру жолының нашарлығын сылтауратты. Өйткені қазір Франкфурт, Анталияға жолаушылар еш кедергісіз ұшып жатыр. Бұған дейін шу болған ұшу-қону жолағы 4 млрд теңгеге толық жөндеуден өтті. Аэровокзал 6 млрд теңгеге қайта салынды.

Руслан Бектеміров, М.Мәметова атындағы орал халықаралық әуежайының бас директоры:

Тамызда ұшақтың жүру жолын жөндеуді бастаймыз. Ұшақ тұрағы да 1972 жылдан бері жөнделмеген. Жөндеуді жолаушыларға қолайсыздық тудырмайтын уақытта жасауға тырысамыз. Әуежайды жаппаймыз. Келесі жылы перронға қайта жаңғырту жасалады, ол екінші тендер.

Биыл әуе жанармайының бағасы екі есеге түскен. Бірақ ұшақтың билет құны сол күйі аспандап тұр. Депутаттар ішкі рейстерге субсидия беру жағын да ұсынды. Мәселе бір ай ішінде шешілмесе, комитеттен де жоғары құзырлы органдарға жүгінбек.

Ардақ Мұратқызы

Бөлісу