Павлодар облысында мал азығын дайындау үшін төтенше жағдай жарияланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысында мал азығын дайындау үшін төтенше жағдай жарияланады

12.07.2023

Құрғақшылық қыспаққа алған Павлодар облысында мал азығын дайындау үшін төтенше жағдай жарияланбақ. Бұл үшін қазір қажетті шаралар атқарылуда. Сондай ақ, егін алқаптары күйіп кеткен диқандарға да көмек беріледі. Құрғақшылықтың салдарынан шығынға батқан шаруалардың мәселелесін кеше Ұлттық арна жаңалықтарынан көрсеткенбіз. Ал бүгін Мәжіліс депутаты Нұржан Әшімбетов өңір диқандарымен кездесіп проблемаларына құлақ асты. Зейнолла Сәлменбаев биыл 30 мың гектарға дәнді-дақыл еккен. Құнарлы деген алқаптардың өзінен өнім ала алмаймыз дейді ол.

Зейнолла Сәлменбаев, шаруа:

Сол 30 мыңның 80 пайызы жанып кетті. Тоғайдан біз жаңағы шабындық ала-алмаймыз. Малдың азығы. Енді оның үстіне қырда жаңбыр болмағандықтан көпжылдық шөпті шаба алмаймыз. Оның үстіне бидайдың пішені болмайды.Оның үстіне фураж болмайды. Сонда бұл немене болады? Төтенше жағдай керек.

Мәжіліс депутаты егін алқаптары бойынша мәселені облыс әкімімен талқылағанын жеткізді. Егіннің қанша гектары күйіп кеткенін анықтау үшін бүгін аудандарға комиссия жіберілген. Қорытынды шыққан соң шешім қабылданады. Сондай ақ, диқандарға былтыр және биыл берілуі тиіс субсидиядан 10 млрд теңге жинақталып қалған. Бұл қаржы да мәселені шешуге бағытталмақ.

Нұржан Әшімбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бірнеше ауданды өтіп шықтым, қарадым, егістік өте нашар. Облыс әкімімен осы мәселені қозғаған кезде ол кісінің айтып отырғаны, біз 2 млрд.теңгеге дейін осы субсидияны беруге дайынбыз, бірақ ереже бойынша төтенше жағдайды жариялауымыз керек.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу