Қызылорда облысында «Үлгілі елді мекендер» анықталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылорда облысында «Үлгілі елді мекендер» анықталды

11.07.2023

Қызылорда облысында «Үлгілі елді мекендер» анықталды. Биыл алғаш рет ұйымдастырылған байқауда үздік атанған ауылдарға жалпы құны 467 миллион теңгені құрайтын коммуналдық техникалар тарту етілді. Осылайша туған жерін түлетуді көздеген азаматтар марапат төрінен көрінді.

Бүгінде аймақ тұрғындарының 53 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ондағы халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс тіршілігін арттыруға биыл 17 млрд. теңгеден астам қаржы қаралды. Сондай-ақ, ауыл азаматтарын ынталандыру мақсатында «Үлгілі елді мекен» байқауы ұйымдастырылып отыр. Онда әрбір ауылдың тазалығы таразыланып, көркейту-көгалдандыру жұмыстарына баға берілді.

Нұрлыбек Нәлібаев, облыс әкімі:

Ауыл-аймақтың ажарын айшықтап, келбетін көркем етуге бағытталған бұл шараны дәстүрлі түрде жыл сайын өткізетін боламыз. Жеңімпаз атанған шағын мөлтек аудандардың абаттандыру бағытында жасалған жұмыстарын бағалау мақсатында сквер, көше, аулаларды жарықтандыру, балалар спорт-ойын алаңдарын салу сынды жобаларды облыстық бюджеттен қаржыландыратын боламыз.

Байқау алғаш рет ұйымдастырылғанына қарамастан облыстың әр қиырынан 24 ауыл, 7 кент, 1 қала және Қызылорда қаласының 3 шағын ауданы үздіктер бәсекесінде бақ сынады. Арнайы құрылған комиссия мүшелерінің ұйғарымымен «Жаңақорған кенті» үздік аудан орталығы деп танылса, ал «Үлгілі ауыл» аталымы бойынша Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов елді мекені жеңімпаз атанды.

Сағдат Нұрмағанбетов, Н.Ілиясов ауылдық округінің әкімі:

Өткен жылы ауылымызда демеушілер есебінен 450 млн. теңгеге Еңбекшілер аллеясы салынды. Ауыл тұрғындарына, жалпы қонақтарға жақсы жұмыс жасап тұр.

Жалпы үш аталым бойынша жүлдегер атанған барлық елді мекендерге тазалық жұмыстарын жүргізетін коммуналдық техникалар тарту етілді.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу