Павлодар облысындағы диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар облысындағы диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды

11.07.2023

Павлодарлық диқандар төтенше жағдай жариялауды сұрайды. Себебі, егін күйіп барады. Әсіресе, Ертіс Успенка, Павлодар, Тереңкөл аудандарында жағдай қиын. Себебі, соңғы үш айда алқаптарға бір тамшы нәр тамбаған. Масағына шыр бітпей, сабағы сарғайып кеткен егістіктің топырағын аударып тастауға тура келді дейді шаруалар. Сейтенәлі Абзалов 8 мың гектар жерге егін салған. Үш ай бойы жаңбыр көрмеген алқаптардан астық алу енді мүмкін емес. 6 мың гектары тіпті оруға келмейді,- дейді ол.

Сейтенәлі Абзалов, диқан:

400 гектар жерге қарақұмық салғанмын, ол кеуіп қалғаннан кейін жыртып тастауға тура келді. Әкімшілік біледі бұны. Міне көріп отырсыздар. Арам шөп шығып қалды. Енді біз үкіметтен сондай көмек сұрап отырмыз. Тура келгеннен кейін сондай қиыншылық.

Успенка ауданының диқандары көктемгі егіске алған несиені жабу мерзімін ұзартуды сұрайды. Себебі, кұзде комбайндарға жұмыс жоқ. Топырағы құнарлы деген аудандардың өзінде егін еңкіш тартып, сабағы семіп қалған.

Болат Аманбаев, тілші:

Міне, көріп отырсыздар, сабағы бар, масағы жоқ. Ал мамыр айында себілген дән осы кезде кемінде 30 см дейін көтерілуге тиіс болатын. Бұл алқаптың көлемі 400 гектар. Топырағы шығып жатыр, ал, жасылы аз.

Аптап ыстық пен ылғалдың аздығынан егіннің шықпай қалғанын ресми орындар да біліп отыр. Ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметінше, биыл өңірде 980 мың га-ға дән себілген. Соның 13 пайызы ғана жақсы өнім бермек.

Есентай Мүрсәлімов, ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:

26,6 мың га алқапта астық мүлдем өспей қалды. Аудандардың бізге берген есебі осы. 88 мың гектар алқап өте нашар. Ол жерлерге де орақ түсуі кәдік. Биылғы егіннің нашар екені рас.

Диқандардың айтуынша, шын мәнінде жағдай бұдан да қиын. Тимирязев ауылында 20 мың гектар жерге егін салған шаруашылықтар 4,5 мың гектар алқаптың топырағын аударып тастаған. Аудандағылар жалған ақпарат беріп отыр деген диқандар облыс тарапынан комиссия құрылуын талап етпек.

Ержан Теміржанов, диқан:

Жағдайымыз өте қиын. Бізге төтенше жағдай жариялау керек. Несиелерді қалай төлейміз? Техника алғанбыз лизингке, соны қалай өтейміз деп ойланып жүрміз. Күзде жағдайымыз қалай болады?-деп. Банкрот боламыз. Техникаларды ертең алып қояды.

Аймақпен шекаралас Ресейдің Новосібір, Барнауыл және Алтай өлкесіндегі бірнеше ауданда қуаңшылыққа байланысты төтенше жағдай жарияланған. Шығынға батқан шаруалар тығырықтан шығу үшін өңірде төтенше жағдай жариялаудан басқа амал жоқ деп санайды.

Болат Аманбаев


Хабарламаларға жазылу