Шығыс Қазақстан облысында биыл да қуаңшылық болуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында биыл да қуаңшылық болуы мүмкін

05.07.2023

Шығыс Қазақстан облысында биыл да қуаңшылық болатын түрі бар. Көктемнен бері аймақтағы кейбір аудандарда әлі бір тамшы тамған жоқ. Өткен қыста өңірде қар қалың болса да, былтыр жер әбден кеуіп қалғандықтан су топырақтың төменгі қабатына сіңіп кеткен. Қазір ылғалдың аздығынан бидай әлі бүр жара алмай тұр.

Шаруа үшін әр сабақтың басындағы дәнек қымбат. Өйткені онда диқаншының еткен, еңбек пен төккен тері бар. Бірақ биыл да қуаңшылық бола ма, деген шаруалардың көңілі күпті. Жақсылық Қасенов басқаратын шауашылық 3,5 мың гектар жерге бидай, арпа, қарақұмық және күнбағыс еккен. Диқандар зиянкес пен арамшөпке қарсы улау мен тыңайту жұмыстарын мамырда бітірген. Енді жауын тілеп отыр.

Жақсылық Қасенов, шаруашылық жетекшісі:

Салыстырсақ қазір кішкене арпа дұрыстау. Бидай төмендеу. Бәрін жасадық. Тасаттық та бердік. Қолдан келгеннің, біздің шаруаның жұмысының бәрін уақытында орындап тастадық.

Тек қана жаңбыр тілеп отырмай, соңғы жылдары құрғақшылыққа төзімді тұқым себуді қолға алған. Оның өзінде әр алқаптың өсуі әр түрлі.

Олжас Керейхан, тілші:

Бұл алқап қар еріп жер аяғы кеңи бастағанда-ақ игеріліп, дән себілген. Топрықтағы ылғал мол, жауын көп жылдары осы уақытта бидайдың сабағы белуардан келіп, дәнегі түйіліп, пісе бастайтын. Ал биыл шілде туса енді ғана бүр жарып жатыр.

Бүр жармастан бүрісіп, бүлініп жатқан сабақтар да бар. Қуаңшылықтан қорыққан шаруалар қазір ой мен қырдың шөбін шауып, малға азық дайындауға кіріскен.

Биыл шығыста 653 мың гектар жерге дән себілді. Басым бөлігі майлы және дәнді дақылдар. Ал облыстағы суармалы егістік өте аз.

Диляра Жылқайдарова, облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:

Жалпы егіс алқабының 85 мың гектары суармалы жер болып тіркелінген. Оның 23 мың гектары суралып тұр. Барлық суармалы жердің пайдаланбау себебі су тораптарының апатты жағдайы.

Апатты жағдайдың кесірінен аңқасы кепкен алқаптардың көбі қазір игерілмей жатыр.

Ал ауа райын болжау орталығының мамандары шілде де шіліңгір ыстық болады деп отыр.

Любовь Бухтоярова, инженер-синоптик:

Шілде айында ауа райы құбылмалы келеді. Тек таулы аудандарға жауын жаууы ықтимал. Бұршақты нөсер болуы мүмкін. Ақ жауын болмайды.

Ақ жауын болмағандықтан былтыр аймақта астық та, шөп те дұрыс шықпады. Биыл да, жаз бел ортасына жетсе де әлі бір тамшы тамбай тұр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу