Ерлан Қарин Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасына табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ерлан Қарин Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасына табыстады

04.07.2023

Жақында Мемлекет басшысы Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында Марал ишанның Кенесары ханға сыйлаған Құраны табылып, елге қайтарылғанын айтқан болатын. Бүгін Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин құнды жәдігерді Қазақстан мұсылмандар Діни басқармасына табыстады.

Ерлан Қарин, ҚР Мемлекеттік Кеңесшісі:

Бұл жаңалықты халқымыз зор ықыласпен қабылдады. Бүгін Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасына сәйкес, Кенесары ханның Құранын Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасына салтанатты түрде табыстау үшін арнайы келіп отырмын. Атақты Марал Ишан мен Кенесары ханнан мирас болып жеткен Құранның халқымыз үшін қастерлі дүние екені ақиқат. Сондықтан оны көзіміздің қарашығындай сақтап, болашақ ұрпаққа аманаттау - маңызды міндет.

Құранды отандық және шетелдік ғылыми орталықтар зерттеп, оның Кенесары ханға тиесілі екенін растап отыр. Киелі кітапта Марал Ишан мен Кенесары ханның мөрлері қойылған. Марал ишан – Кенесарының діни кеңесшісі болған деседі. Енді бұл мұра «Қолжазбалар және сирек кітаптар» ұлттық орталығынан реставрациядан өтеді.

Жандос Болдыков, Қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:

Толығымен қалпына келтіру жұмыстары 2 айдай уақытта алады. Себебі ішінде жүрген бактериялар, грибоктар неше түрлі уақыттың төзуіне байланысты сол себепті жұмыстар әлі алда.

Бір таңқаларлығы, ұзақ уақыт қолдан қолға өтсе де кітап бүлінбеген. Парақтары түгел. Енді бірнеше көшірмесі дайындалады. Әрі ғылыми бағытта кітапты зерттеу жұмыстары қолға алынбақ.

Наурызбай Қажы Тағанұлы, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти:

Шетелдерде, әр түрлі елдерде де болған. Бұл кітап енді толықтай оқылмай, әр жерде тұрып қалды ғой. Сондықтан бұл қасиетті құранды біз Алла қаласа қариларымыз арнайы басынан аяқ толық оқытып шығамыз. Қазіргі кезде бізді қуантарлық дүние ол бабаларымыздың құраны еліне, ұрпағына аман-есен берілді.

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу