Қара алтын секторында энергетикалық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қара алтын секторында энергетикалық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі

04.07.2023

Қара алтын секторында энергетикалық қауіпсіздік шаралары күшейтіледі. Авариялық жағдайда жұмысын тоқтатқан Атырау мұнай өңдеу зауытына барып, ахуалмен танысқан «Қазмұнайгаз» компаниясының басшысы Мағзұм Мырзағалиев осылай деді. Соңғы 2 жарым жылда электр желілеріндегі ақаулардан 279 мың тонна мұнай өндірілмей қалған. Шығын 60 млрд теңгеден асады. Ал Атырау Мұнай өңдеу зауытында кешегі электр қуатының ажыратылуынан шамамен 45 мың тонна өнім өндірісі кідіріске ұшыраған. Сонымен қатар, құбырлардағы 8 мың куб технологиялық газ факелге бағытталып, ауаға жағылған. Нақты шығын көлемі әзірге белгісіз. Қазір кәсіпорындағы технологиялық қондырғылар біртіндеп іске қосылып жатыр. Ақаулар апта соңына дейін жойылады.

Мағзұм Мырзағалиев, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Ембімұнайгазға қарасты 33 кен орны толығымен тоқтатылды. Қазіргі таңда 16 сы әлі тоқтап тұр. Қалғаны іске қосылды.Қаражамбас мұнайының 5 ақ пайыз көлемінде электр энергиясы беріліп тұр.Яғни тұрақты деңгейге шыққан жоқ. Өзенмұнайгаздың да сондай проблемалары бар.Және маңғыстау мұнайгаздыкі де сондай. Біз осы мәселені шешу жолын өзенде үлкен электр станциясын саламыз деген жоспарымыз бар.

Зауыт басшылығы өндіріске кедергі келтіргендерді сотқа беруді көздейді. Апатты жағдайға қарамастан кәсіпорын сұранысты қамтамасыз етті. Себебі резервуарлардағы қор 1 аптаға жетеді. 26 мың тонна бензин, 34 мың тонна дизель отыны, 1500 тонна сұйытылған мұнай газы мен 6 мың тонна авиакеросин бар. Еске салайық, кеше Маңғыстау атом электр комбинатындағы апат салдарынан Атырау облысы тұтастай жарықсыз қалған болатын.

Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу