Атлант мұхитында құрдымға кеткен сүңгуір қайықтың бөлшектері табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атлант мұхитында құрдымға кеткен сүңгуір қайықтың бөлшектері табылды

23.06.2023

Атлант мұхитында құрдымға кеткен сүңгуір қайықтың бөлшектері табылды. Бортында болған туристер қаза тапқан. АҚШ жағалау күзеті осылай деп мәлімдеді. Олардың денесін табу қиынға соғады. Су түбіндегі қолайсыз орта мұндай операция жүргізуге кедергі туғызды. «Титанның» күйреуіне байланысты түрлі пікір бар. «Титаник» жатқан тереңге 33 мәрте сүңгіген Джеймс Кэмерон турды ұйымдастырған компанияға бұған дейін саяхаттың қауіпті екенін ескерткенін мәлімдеді. Тақырыпты халықаралық шолушы Арай Төлегенқызы жалғастырады.

«Титанмен» тереңге сүңгіген туристер тірі табылар деген үміт үзілді. Сүңгуір қайықты іздеуге бірнеше елдің құтқарушылары қатысқан еді. Олар батискафты ондағы оттегі қоры бітпей тұрып табу үшін 5 күн бойы 30 мың шаршы шақырымдай аумақты сүзіп шыққан.

Джон Маугер, АҚШ жағалау күзетінің контр-адмиралы:

Бүгін қашықтан басқарылатын ROV аппараты Титаник жатқан жерден шамамен 488 метр қашықтықта шағын сүңгүр қайығының артқы қақпасын тапты.

Батискаф апатынан француз ғалымы, ұлыбританиялық миллиардер, пәкістандық бизнесмен мен оның ұлы, сондай-ақ мұхит асты саяхатын ұйымдастырған компания басшысы қаза тапты. Осы «ОушенГейттің» негізін қалаушы марқұм Стоктон Раштың жұбайы 1912 жылы «Титаник» кемесі апатында қаза тапқан ерлі-зайыптының шөпшегі екен. Аттас фильмде Джеймс Кэмерон екеуінің махаббат хикаясын баяндаған еді.

Рэй Гай, Нью-Йорк тұрғыны:

Қайғылы оқиға. «Титаник» тағы 5 адамның өмірін жалмады.

Батискаф миссиясы басталғаннан кейін 1 сағат 45 минут өткенде онымен байланыс үзілді. Аппарат мұхиттағы қысымға шыдас бермей, бірден жарылып кетсе керек.

Уилл Конен, Теңіз технологиясы сүңгуір көліктер комитетінің төрағасы:

Бір секунда жоқ болды. Менің ойымша, ешкім не болғанын түсінбей де қалды.

Сүңгуір көліктің титаннан жасалған корпусы берік емес әрі су өткізуі мүмкін екені бұған дейін ескертілген. «Титаник» фильмінің режиссері Джеймс Кэмеронның айтуынша, аппарат сертификаттаудан өтпеген.

Джеймс Кэмерон, кинорежиссер:

Сынақтан өтіп жатқан көлікті туристерді тасуға пайдаланған дұрыс емес. «Титаник» пен «Титан» трагедиялары ескертулерге құлақ аспаудан болды.

Алайда Марқұм Стоктон Рашпен бірге «Оушенгейт» компаниясының негізін қалаған адам мұны жоққа шығарды.

Гильермо Сонлейн, Oceangate компаниясының негізін қалаушы:

Өзгелер Титан 14 жыл бойы құрастырылғанын ескермейді. НАСА, Боингпен жұмыс істедік. Соңғы жылдары ғылыми экспедицияларда қолданылды.

Бірақ Сонлейн тереңге сүңгитін аппараттарға арналған ережелер жеткіліксіз екенін мойындады. Оның сөзінше, мұхит туризмін дұрыс дамыту үшін алдымен бұл саланы тереңірек зерттеп, сертификаттау талаптарын күшейту маңызды.

Арай Төлеген

Хабарламаларға жазылу