Қазақстан Германияның индустриясына қажет табиғи ресурстарды игеруде сенімді серіктес болуға дайын. Мемлекет басшысы Қазақстан-Германия бизнес форумында осылай деп мәлімдеді. Екі ел табиғи ресурстарды бірлесіп барлау және игеру ісіндегі ынтымақтастықты нығайтуға келісті. «Бұл шикізат, өнеркәсіп және технология салаларындағы серіктестік туралы үкіметаралық келісімге тың серпін береді», - деді Мемлекет басшысы. Көлік-логистика саласының да әлеуеті зор. Осы орайда Президент Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдалануға шақырды. Айтуынша, Қазақстан Еуразияның жүрегінде орналасқан. Мұның стратегиялық мәні зор. Қытай мен Еуропа арасындағы барлық құрлықтық жүк тасымалының 80 пайызы біздің еліміздің аумағы арқылы өтеді. Қазіргі геосаяси жағдайда «Орта дәліздің» маңызы арта түсті. «Бұл – Орталық және Шығыс Азиядан Еуропаға жүк тасымалдаудың ең қысқа әрі тұрақты бағыты», - деді Президент. Әрі неміс компанияларының барлығын Қазақстанға шақырды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Елімізде неміс капиталының үлесі бар 1000-нан астам компания белсенді жұмыс істеп жатыр. Олардың көпшілігі әлемге әйгілі брендтер, ал басқалары орта деңгейдегі отбасылық бизнес. Неміс компанияларының барлығын Қазақстанға шақырамыз. Батылдылыққа, нақтылыққа және жауапкершілікке негізделген неміс бизнесінің тәсілін бағалаймыз. Бұл қасиеттер бизнестегі табыс үшін өте маңызды
Франк-Вальтер Штайнмайер, Германияның Федералды Президенті:
Германия бизнесі қазір өзгеріс үстінде. Бұл жағдай, әсіресе, шикізатқа біржақты тәуелділік бар екенін анық көрсетті. Шикізат көздерін және оларды жеткізу тізбегін әртараптандыру қажет. Бұл қазір германиялық кәсіпорындар үшін аса өзекті мәселе. Олар жаңа қолдау шараларын іздеп, жаңа келісімшарттар жасауға тырысып жатыр.
Мемлекет басшысы Германияның Федералды Президентін жаңа ғана әуежайдан шығарып салып, жылы қоштасты. Франк-Вальтер Штайнмайердің сапары одан әрі Маңғыстау облысында жалғасады.
Досжан Маратұлы