Ата-бабадан қалған мәдени-мұраны заман талабына сай жаңғыртып, әлемге насихаттау қажет. Ұлттық құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Президент бұл Сыртқы істер министрлігі жанынан құрылған «КazAID» халықаралық даму агенттігінің тікелей міндеті екенін еске салды. Себебі, өзге елде мұндай ұйымдар ұлттық брендті, тарихты және мәдениетті насихаттап, мемлекеттің жағымды имиджін қалыптастыруға ықпал етеді.
Мемлекет басшысы ұрпақ тәрбиесіне де тоқталды. Президенттің айтуынша адал азаматқа тән қасиеттер әрбір жастың бойынан табылуы керек. Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасады. Осы үш бағытты рухани даму саласындағы жұмыстың мызғымас үштағаны деуге болады. Бірақ интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес, деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс. Ғаламтор арқылы жат діни ағымдардың құрығына түскен жастар да бар. Ұрпақтың бойында жаман әдет болса, бұл – ең алдымен, үлкендердің кінәсі. Біз жастарды жаһанданудың қатерлі ықпалынан барынша сақтауға міндеттіміз.