Ақмола облысында курорттық аймақтарда қоқыс шығаратын полигон жоқ - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақмола облысында курорттық аймақтарда қоқыс шығаратын полигон жоқ

15.06.2023

Жылына миллиондаған турист келетін Бурабай мен Зеренді курорттық аймақтарында қоқыс шығаратын полигон жоқ. Сондықтан тұрмыстық қалдықтардың барлығы заңсыз үйінділерге тасталып жатыр. Екі ауданның ортасында орналасқан рұқсаты жоқ алаң жергілікті халықтың да әбден берекесін қашырған. Мәселенің мән-жайын әріптесім Ұмсындық Наурызбаева анықтады.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Бурабай курорттық аймағынан бір аптада 65 тонна қоқыс шығарылады. Оның барлығы осындай рұқсаты жоқ үйінділерге тасталып жатыр. Жел тұрса, мұндағы тұрмыстық қалдықтар жан-жаққа ұшып, аудан орталығына дейін жетеді екен. Ал ыстық күндері жағымсыз иіс қолқаны қабады,-дейді тұрғындар.

Қазір заңсыз полигон қоқысқа әбден толған. Алаң Щучинск қаласынан небәрі екі шақырым жерде орналасқандықтан жергілікті халықты да біраз әбігерге салып отыр.

Бақытжан Өміртаев, Щучинск қаласының тұрғыны:

Полигон жаңағы қоршалмаған. Қашан көрсенде қоқыстың барлығы қаланың ішіне ұшып жатады. Жан-жаққа. Сосын үшіншіден сол полигон жанғанда түтіннің иісі қалаға кіріп, үйге дейін жетеді. Үйдің ішінде ауа да жоқ. Ыстық күндері тіпті қиын.

Ақмола облысындағы курорттық аймақтарға келетін туристердің саны соңғы жылдары екі есеге артқан. Бір Бурабайдың өзінде жылына 700 мыңнан астам адам демалады. Сондықтан қоқыс мәселесі де ушығып барады.

Мереке Фазылов, жұмысшы:

Мына жақта водопад бар. Әлі біз оларға барып үлгерген жоқпыз. Ол жақта әлі мынадай шашылып жатқан қанша мусор бар екені беймәлім. Енді қазір барамыз түске дейін. Сонда көреміз. Әйтпесе, үлгермейсің. Біз келгелі мынадай үш контейнер апардық.

Ал жауаптылар Бурабай мен Зеренді аудандарында жаңа қоқыс полигоны салынады деп сендіріп отыр. Алайда, оның қашан басталып, қай уақытта аяқталары белгісіз. Қазір тек құжаттары реттеліп жатыр.

Болат Төкішев, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

Қазіргі уақытта Щучинск қаласындағы жаңа полигонның жобалық-сметалық құжаттамалары толық аяқталды. Биыл оны қоғамдық тыңдалымға жібереміз. Ал Зеренді ауданындағы полигонның жобасын экология департаменті қарастырып жатыр. Оның барлығын тез арада істеп біту мүмкін емес. Өйткені қыруар қаржы мен уақыт керек.

Жалпы Ақмола облысында 130 қоқыс алаңы болса, оның 24-і ғана заңдастырылған. Тіпті, Көкшетауда тұрмыстық қалдықтарды шығаратын мекемелер заңсыз жұмыс істеуге мәжбүр. Өйткені шаһардағы жалғыз полигонның рұқсат мерзімі осыдан 4 жыл бұрын өтіп кеткен.

Ұмсындық Наурызбаева


Хабарламаларға жазылу