Экономикаға түзету енгізіледі: Үкімет қандай шаралар қабылдауды ұсынды?
Президент Қ. Тоқаев Премьер-Министр О. Бектеновке аптаның соңына дейін азаматтардың мүддесін ескере отырып, Үкіметтің экономикалық реформалар бағдарламасын іске асыру үдерісін реттеуге қатысты нақты шаралар әзірлеуді тапсырды, — деп хабарлады Президенттің көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
Үкіметке шағын және орта бизнесті қолдауға, инвестициялық ахуалды жақсартуға, сондай-ақ елдегі экономикалық жағдайды тұрақтандыруға бағытталған түзетулер енгізіп, қажетті шешімдер қабылдау міндеті жүктелді.
Бұл хабар бейсенбіде шықты. Сол күні кешке қарай «біздің ұсынатын шаралар мынау», — деп Үкімет пакетін жариялады.
АИ-92 маркалы бензин мен дизель отынының және коммуналдық тарифтердің қымбаттауына мораторий енгізілді.
-
Жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолдануға шектеулер алынып тасталады. Қазіргідей тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімінде тек 44 бағыт қалады.
-
2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап ұсақ және шағын бизнеске қатысты салықтық тексерулер мен камералдық бақылау, сондай-ақ сот талаптары тоқтатылады.
-
Шағын және орта бизнесті қолдаудың қосымша шараларын «Бәйтерек» холдингі әзірлейді.
-
Ипотеканы қолдау үшін «Наурыз» және «Наурыз-Жұмыскер» тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіне бөлінетін қаржы 500 млрд теңгеге дейін ұлғайтылады. Сондай-ақ «Әскери баспана» бағдарламасы қайта іске қосылады.
-
Жеке тұлғалар үшін жеңіл автокөлік сатып алу лизингі енгізіледі.
Енді мұндай шұғыл шешім қабылдаудың себебіне келейік. Иә, бәріміз білеміз — инфляцияның шарықтаған үстіне шарықтауы.
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Менің ойымша, инфляцияның тым өсіп кетуі осы коррекцияға алып келіп отыр. Егер Үкімет экономиканың өсуінің артынан қатты жүгіре беретін болса, ол инфляцияны одан әрі үдете береді. Себебі экономикалық өсіммен жарысу — экономиканы үдету деген сөз. Өйткені экономиканы өсіру үшін Үкімет қазір экстенсивті емес, интенсивті, яғни бюджеттен қаржы бөлу арқылы экономиканы өсіруде. Үкімет қаржыны бөледі, құрылыс салынады, көпірлер салынады, сол арқылы экономикада белсенділік артады да біздің экономикалық өсімді түзетеді. Бірақ мұндай әдіс қысқа мерзімді эффект бергенімен, инфляцияны қатты ұрады. Өйткені елде басы артық ақша массасы көбейіп кетеді. Ұлттық банк онымен күресу үшін базалық ставканы көбейтеді. Дәл осы кезде «инфляциялық спираль» деп аталатын бумеранг айналып келіп, бір-бірінің құйрықтарын жей бастайды.
Тағы қандай себептері бар? Экономикалық өсім, былай қарасаң, жақсы. Онда қарапайым жүйелеп көрсек:
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Бензин бағасын еркін жібердік қой біз. Немесе бензинді бізге көбейту қажет және оны сыртқа шығаруға мүлде тыйым салу керек. Өйткені мұның барлығы монетарлық емес, кәдімгідей инфляция. Үкіметтің өзі бағаны көтеріп бергендіктен инфляция болады. Екіншісі — тарифті өзі көтеріп отыр, сол арқылы инфляцияны өсіреді. Үшіншіден, бензин мен жанармайдың бағасын еркін нарыққа жібере салды. Төртінші фактор — келесі жылдан бастап қосылған құн салығы.
Үкімет миллиондаған адам күнін көріп отырған шағын және орта бизнесті қолдау жоспары бөлек жарияланады, — деді. Қандай шаралар болуы мүмкін?
Айбар Олжаев, экономикалық шолушы:
Бірақ мен бір нәрсені көріп отырмын: белгілі бір инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландырудан қысылса да, шағын және орта бизнесті қолдау бойынша қаржыландыру артуы мүмкін. Мемлекет бөлейін деп жатқан 8 триллионның ішінде белгілі бір коррекция болып, шағын және орта бизнеске көбірек ақша бөлінуі мүмкін. Қазір базалық ставка өте жоғары ғой, олар банктен кредит ала алмайды. Сондықтан мемлекеттік арзан кредиттер. Бірақ бұл да инфляцияны қоздырады. Енді амал жоқ, шағын және орта бизнесті қолдау мен инфляция арасында белгілі бір баланс табатын шығар.
Бірден айтайық, аналитиктер бұл шаралар — бағаларды қатыру — қысқа мерзімде тиімді болатынын жазып жатыр. «Оның үстіне көптеген өндіруші компаниялар мен сауда жасайтындар 1 қаңтарды күтпей бағаны өсіріп тастады», — деген пікір айтылды. Шұғыл шаралар пакетіне сай, бағалар қайта түсе ме? Қайдам...
Жеңілдетілген ипотека мен автонесиеге де күмән келтіретіндер бар. Бұл азаматтарды емес, онсыз да «мәпелеп» жүрген автоөндірушілер мен құрылыс компанияларын қолдау сияқты көрінеді, — дейді сарапшылар.
Өткен аптада Ұлттық банк пайыздық мөлшерлемені 18 пайызға бір-ақ көтергені мәлім. Инфляцияны ауыздықтау үшін жоғары атқарушы билік жиі қолданатын тәсіл. Базалық мөлшерлеме — ҰБ қаржы-несие саясатындағы басты инструмент.
Банктердің қандай пайызбен кредит алатыны, тиісінше, халық пен бизнестің банктерден алатын кредитінің пайызы осы базалық мөлшерлемеге байланысты. Яғни базалық мөлшерлемені көтеру — несиелерді қымбаттататыны белгілі. Бұл көп күтетін дүние емес.
Іле-шала банктер ипотекалық несиелеуге өтінімдерді қабылдауды тоқтатты немесе шектеді деген ақпарат тарады. Оған қоса, сыйақының ең жоғары жылдық тиімді мөлшерлемесін 20 пайыз деңгейінде заңнамалық шектеу шыққан.
Осы шектеу бар, базалық мөлшерлеме 18 пайызға өскені бар — екінші деңгейлі банктер маржасы төмендегесін ипотекалық несие беруден қаша бастады.