Ипотека: Қандай өзгеріс болады?
Өткен аптада, дәлірек айтқанда, 10 қазанда Ұлттық банктің базалық мөлшерлемені 16,5-тен 18 пайызға көтеру туралы мәлімдемесінен кейін екінші деңгейлі банктер дереу әрекет етті: біразы ипотекаға өтінім қабылдауды уақытша тоқтатқанын хабарлады. Кейбірі «ипотека шарттарын қайта қарап жатқанын» айтса, кей қаржы ұйымы «балама ипотекалық бағдарламаларды әзірлеп жатырмыз, өтінім қабылдау қашан басталатынын кейін айтамыз» деп түсіндірді. Екінші деңгейлі банктердің бұндай қадамы тосын әрекет деуге болмас. Себебі Ұлттық банк базалық мөлшерлемені көтерген сайын қаржы ұйымдары ипотекаға өтінім қабылдауды тоқтатады.
Еске салайық, бұған дейін Ұлттық банк наурыз айында базалық мөлшерлемені көтерген еді. Ол кезде 15,25 пайыздан 16,5 пайызға өскен. Кейін маусым айында ипотеканың жылдық сыйақы мөлшерлемесін 20 пайыздан асырмау туралы шектеу шыққан. Ол кезде де ел арасында «енді ипотека тоқтай ма, тіпті мүлде берілмей ме?» дегендей қобалжулар болған. Артынша бұл шешім қарашаға дейін қалдырылған. Енді екі аптаға жетер-жетпес уақытта сол қараша айы да келеді. Демек, 20 пайыздан асырмау туралы шектеудің күшіне енетін уақыты да жақындады деген сөз.
Бұған дейін «Наурыз» ипотекалық бағдарламасы лимит таусылып, шілдеде тоқтап қалған еді. Кейбір іріктеуден өткен азаматтар да пәтер рәсімдей алмай қалған. Үкімет шұғыл шаралар пакетін жариялағаннан кейін «Отбасы банк» басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова: «Қазір нақтыланып жатыр: өтінім қабылдауға жаңа конкурс жарияланады немесе наурыз айында қатысып, бірақ өте алмаған үміткерлерге несие беріледі», — деді. Осы ретте айта кетейік, елдегі рәсімделетін барлық ипотеканың 70 пайызы «Отбасы банкіне» тиесілі. Бұл цифрдың өзі-ақ қаржы ұйымының ипотека нарығындағы рөлін көрсетіп тұрғандай.