Өлім жазасы қылмыстың азаюына әсер ете ме?
Қырғызстан өлім жазасын қайтаруы мүмкін. Кәмелетке толмаған қызды зорлап, далаға лақтырып кеткен қанышердің әрекетінен соң қоғам шыдамы таусылды. Әсіресе, қорғансыз қыз баланы қорлаудың және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шегі көрінбейді.
Өлім жазасын қайтару бір жарлықпен оп-оңай іске аспайды. Ол үшін Конституцияны өзгерту керек.
Әсіресе, ана мен баланы ажал құштырып, зорлық көрсететіндерге «өлім» дейтін ашу біздің қоғамда да бар. Тек соңғы аптадағы жаның түршігетін жаңалық — Шымкентте 26 жастағы Диана Оңғарбаеваны пышақтап өлтіріп, кейін мәйітін қорлаған 11-сынып оқушысына қатысты сот ісі басталды. Ал Ақтөбе облысында жасөспірім қыз босанды. Күдікті - өгей атасы.
Дегенмен, «Адам құқықтары хартиясы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, белгілі құқық қорғаушы Жеміс Тұрмағамбетова: «Өлім жазасы болған уақытта да қылмыс көп болды.
Мысалы, 80–90 жылдары жылына бізде 60-тан 80-ге дейін өлім жазасын қолдану туралы шешім шығатын. Арасында қателік кететін», — деді. Оны адвокат Тұрсын Төлегенова қостайды. «Қылмыс жасайтын адам 15–20 жыл да, өмір бойы да отырғысы келмейді. Бірақ сонда да жасайды», - деді.
Бұл өзі пәтуаға келу мүмкін емес дискуссия сияқты.
Айтпақшы, күнделікті өмірде «Салтанат заңы» аталған тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заң күшейтілгелі бері оң динамика бар ма? «Өлтіріп, лақтырып кеткен» деген жаман хабардың азайғаны байқалмайтын сияқты.
Былтыр заң күшіне енген маусым айының қорытындысында әйелдерге қатысты «денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша 95 іс, «ұрып-соғу» бабы бойынша 297 іс тіркелсе, биылғы дәл сол кезеңнің қорытындысында сол баптар бойынша 93 және бақандай 2143 іс тіркелген.
Есеп Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің ақпарат жүйесінен алынды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы