Басты Жаңалықтар Парламенттік реформа: Не өзгереді?

Парламенттік реформа: Не өзгереді?

Парламенттік реформа жөніндегі жұмыс тобының бірінші отырысы өтті. Заңгерлер, ғалымдар, Қазақстан халқы Ассамблеясының, саяси партиялардың өкілдері, депутаттар және Президент Әкімшілігі мен Үкімет мүшелері — 30-дан аса адам кірген. Қ. Тоқаев идеологиясына тоқталды.

Қ. Тоқаев: «Референдум өткізудің қажеті жоқ» деген ойлар да айтылып жатыр. «Реформаны созудың қажеті жоқ, таяу арада, қысқа мерзім ішінде жасай салуға болады» деген пікірлер де бар. Шын мәнінде, қай жағынан алып қарасақ та, мәселе өте өзекті. Азаматтарымыздың әртүрлі пікір айтып, белсенді болғаны – жақсы үдеріс.

Дегенмен, парламенттік реформа – аса күрделі жұмыс. Бұл – еліміздің тағдырын шешетін жағдай. Бұл – мемлекеттің болашағына тікелей ықпал ететін қадам. Мұндай маңызды шешім кең ауқымды талқылау арқылы қабылдануға тиіс», — деді.

Ал реформаның кейбір концептуалды тұстарына қатысты пайымына келсек: саяси реформалардың төрт пакеті аясында парламенттік оппозиция туралы норма бекітілгенін және партиялар Парламентке өтуі үшін сайлаудың төменгі шегі азайтылғанын, Мәжілістің құзыреті кеңігенін айтты. «Енді бір палаталы Парламентке өтуді бастаймыз», — деді.

«Бірақ парламентті реформалау – бұл Сенатты тарату деген сөз емес. Мұндай қате пікірге жол беруге болмайды. Біздің алдымызда тұрған мақсат – өкілді билік тармағын түбегейлі жаңғырту», — деп қайырды.

Үшіншіден, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу күллі әлемдегі мемлекеттік басқару жүйесін өзгертетіні сөзсіз. Алдағы уақытта e-Parliament қазіргі электрондық үкімет — e-Gov сияқты сұранысқа ие құралға айналуы мүмкін. Сол себепті бір палаталы Парламентке өту бір есептен жұмыстың жаңа қалыбы мен қарқынына, тез шешім қабылдауға бейімделуді көздейді. Яғни заман өзгеріп жатыр, ол өз талабын орындатады. e-Parliament жүйесі қыр астында тұр», — деді.

Сонымен бірге депутаттар корпусының білімі мен білігі сияқты маңызды факторға тоқталды. «Нағыз кәсіби мамандар болуы керек. Парламентті пропорциялық жүйемен, яғни партиялық тізіммен жасақтау туралы ұсыныс дәл осы міндеттен туындап отыр. Бір палаталы Парламентте партиялардың көп болуы саяси диалогты кәсіби негізде өрбітуге ынталандырады. Демек, популизм цифрландыру кезеңінде маңызды рөл ойнамайды, керісінше, кәсібиліктің бәсі жоғарылай түседі», — деп қорытындылады.

Соңында «e-Otinish» және «e-Gov» порталдары арқылы келіп түскен барлық ой-пікірді сараптап, зерделеуге үндеді.

Кейін Мемлекеттік кеңесші Е. Қарин қазақстандықтардың e-Otinish және e-Gov платформаларындағы «Парламенттік реформа» бөліміне кіріп, ұсыныстарын жолдай алатынын хабарлады.


Бөлісу