Қазақстанда экспорт жағы төмендеген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда экспорт жағы төмендеген

15.06.2023

Қазақстанның импорты былтырмен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Бұл биылғы үш айдың нәтижесі. Ал экспорт керісінше төмендеген. Бұл тенденция немен байланысты? Жағдайды оңалту үшін не істеу керек? Әріптесім Серік Селеубайұлы тарқатсын. Қазақстанға Германия, Австрия, Швейцариядан Euler Hermes, SERV сияқты алпауыт экспорттық-кредиттік агенттіктер қаржы құймақ. Олардың мақсаты – өз тауарын Қазақстан нарығына шығару. Сондықтан кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп, тиімді келісімшартқа отырады.

Тимур Онжанов, АХҚО әкімшілігінің атқарушы директоры:

Бұл елдердің экспорттық-кредиттік агенттіктері біздің аймақта кәсіптерін жүргізуге келді. Қазір бірнеше компаниямен келіссөздер жүріп жатыр. Мысалы бір кәсіпорын құны 200 млн еуро болатын екі жоба ұсынды. Біріншісі көміртек талшығын дайындау, екіншісі қоқыс өңдеу бойынша. Жалпы осындай халықаралық жобалар болашақта елге келетін инвестицияны көбейтуге тиіс.

Экспортты қаржыландырудың бұл әдісі әлемде кең тараған. Қазақстан нарығына Ресей, Италия, Қытай сияқты елдердің компаниялары осылай тауарын экспорттап жүр. Оның ішінде ауыр өнеркәсіпке қажет станоктар, қосалқы бөлшектер сынды бұйымдар бар. Қазақстан Иран, Өзбекстан сынды елдермен саудада осы әдісті қолдана бастады.

Аслан Қалиғазин, «KazakhExport» экспорттық сақтандыру компаниясы» АҚ Басқарма төрағасы:

Мысалы, Әзербайжанға локоматив сатқыңыз келді делік. Бірақ олар бізден сатып алмайды. Өйткені оларға өнімін тұтынғаны үшін жеңілдетілген несие беретін басқа елдер бар. Сондықтан біз де, мысалы, Өзбекстандағы тұтынушыларға тиімді несие береміз. Өйткені ол ақша Қазақстанда жасалған тауарды сатып алуға ғана жұмсалады. Осылайша біздің экспорттаушылар бәсекеге төтеп бере алады.

Қазақстан қазір 100-ден астам тауар түрін экспорттайды. Оның ішінде, түрлі концентраттар, көліктер бар. Тіпті еліміз локомотив пен тікұшақ та сатады екен. Бірақ олардың сыртқы саудадағы үлесі төмен. Сондықтан сұранысқа ие тауарларға басымдық берген дұрыс дейді Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Ерұлан Жамаубаев, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрі:

Азық-түлік қауіпсіздігі деген үлкен мәселе тұр. Тек қана Қазақстанда емес, дүние жүзінде. Осы тұрғыда біздің ауыл шаруашылығында, агроөнеркәсібінде мүмкіндіктеріміз өте көп. Көрші тұрған Қытайда 1,5 млрд халқы бар. Сатып өткізу өте оңай. Экспортқа шығару мүмкіндігі бар.

2023 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанның сыртқы сауда айналымы 32 миллиард АҚШ долларынан асты. Оның ішінде экспорт – 19 миллиардқа жуық. Бұл былтырғыдан 2 пайыз төмен. Ал импорт өткен жылдағы көрсеткіштен 44 пайызға жуық өсіп, 14 млрдқа жақындады. Ал мамандар жағдайды оңалту үшін экспортты қаржыландырудың тиімділігін арттыру керек дейді.

Серік Селеубайұлы

Хабарламаларға жазылу