Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Модидің атына темір жол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.
«Одиша штаты, Баласор елді мекенінде болған теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Жақындарынан айырылған отбасылардың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай азалы сәтте Үндістан халқымен біргеміз», – деп жазылған жеделхатта.
Еске салайық, Үндістанда кеше пойыз апаты болып, 260-тан астам жолаушы қаза тапты. 900-дей адам түрлі жарақат алған. Алдын-ала мәліметтерге қарағанда, жүрдек пойызы рельстен тайып кеткен. Оның бірнеше вагоны басқа жолға шығып кетіп, сол рельсте жүйіткіп келе жатқан экспресс пойызбен, одан кейін жүк пойызымен соқтығысқан. Оқиға орнына 200-ден аса жедел жәрдем көлігі, 100-ден аса дәрігер барды.
Арай Төлегенқызы