Түркістан облысында кедендегі кептеліс мәселесі шешіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында кедендегі кептеліс мәселесі шешіледі

25.05.2023

Түркістан облысындағы «Қазығұрт» кеден бекетінде кептеліс мәселесін шешу үшін Үкімет тапсырмасымен комиссия құрылды. Мемлекеттік кірістер комитеті мен Шекара қызметі және Сыртқы істер министрлігі өкілдерінен жасақталған ведомствоаралық жұмыс тобы қазақ-өзбек шекарасына барып, көрші елдің уәкілетті мемлекеттік органдарымен шұғыл жиын өткізді. Тараптар туындаған проблеманы өзара шешу үшін келісімге келіп, бірқатар шешім қабылданды. Көліктер ағыны қайта бөлініп, өткізу пункттері күшейтілген жұмыс тәртібіне көшірілді. Жыл басынан «Қабланбек» кеден бекеті модернизациялауға жабылған. Осының салдарынан жүк көліктері ұзақ тұрып қалуға мәжбүр.

Сапарбек Ергешов, жүргізуші:

Өзбекстан жағы да, Қазақстан жағы да осындай затор болып тұр. Екі кеденнің қызметін бір кеден атқарғаннан кейін сондай болады. Алдын 50 көлік жиналатын жерге 150 көлік жиналып тұр да бұл жерге.

«Қазығұрт» кеден бекеті де қайта жөндеуден өтіп жатыр. Алайда салаға жауаптылар құрылыс жұмыстары бекеттегі көліктердің шекара асуына кедергі болып жатқан жоқ дейді. Кептелістің туындауына Өзбекстаннан жеміс-жидек тасымалдау көлемі ұлғайып, Ресейге транзитпен жөнелтілетін өнімдердің көбеюі себеп болған көрінеді. Бүгіннен бастап жүк көліктерін жедел өткізу шаралары қолға алынды.

Елдос Саудабаев, ҚР ҚМ МКК Кедендік бақылау департаментінің директоры:

Іштегі бизнес процесті өзгерттік. Және де осы жаққа адамдар қостық. Құзыретті органдардың машиналарды қарайтын, тексеретін жағдайларды біріктіріп, шекара қызметімен біз досмоторларды біріктірдік. Солардың барлығын оптимизировать етіп, көлік құралдарын 300-ге дейін өткізуге қазір мақсат қойып отырмыз.

Айнұр Әбілқасымқызы 

Хабарламаларға жазылу