Қостанай облысында бұрыңғы әскери қызметкер қой өсіріп жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанай облысында бұрыңғы әскери қызметкер қой өсіріп жүр

02.05.2023

Бұрыңғы әскери қызметкер қаруын қойшы таяғына айырбастады. Қостанайдың тұрғыны Алмат Жарасбаев төрт жыл бұрын қаладағы пәтері мен қымбат көлігін сатып ата кәсіпке бет бұрды. Қазір Қарабалық ауданындағы іргелі шаруашылықтың иесі, қазақтың биязы жүнді қойын өсіріп отыр.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Қой қоздап қорада шу. Бұл шаруашлықта 6 мың төлдейтін қой бар. Соның 4 мыңы қоздаған. Қазақы тұқымды түлік жергілікті табиғатқа төзімді, көп күй талғамайды. Тез өседі. Мысалы туғанына үш күн болған мына қозы төрт айдан соң 20 келі таза ет береді.

Алғашқы жылы өз қаржысына 70 саулық сатып алып кәсібін бастаған Алмат, биыл қой санын 14 мыңға жеткізді. Бұл мемлекет қолдауының арқасы. Былтырдың өзінде оған қой сатып алуға 200 млн теңге жеңілдетілген несие берілген. Оның сыртында төлдейтін әр саулыққа жылына 4 мың теңге субсидия төленеді.

Алмат Жарасбаев, кәсіпкер:

Мақсатымыз аналықты 20 мыңға жеткізу. Сол 20 қойдан 20 мың қозы алып, оның әрқайсын 50 мыңнан сатып, жылына 1 млдр теңге табыс табу.

Шаруашылықтың 5 жарым мың гектар жайылымдық жері бар. Қолдағы техникамен жем-шөптің басым бөлігін өздері дайындайды. 30 адам тұрақты еңбек етеді. Келешекте шаруашылық қой етін шетелге экспорттауды жоспарлайды.

Ернар Өртембаев, Қарабалық аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

Араб елдерінен өкілдері келді. Қойды, оның табиғи жағдайда өсіп жатқанын, табиғи таза шөп жейтінін көрді. Қызығушылықтары бар. Келіссөздер жүріп жатыр.

Отар-отар қой жаз бойы жайлауда болады. Сондықтан шығыны аз. Бір әттеген-айы жайылым тапшы. Мысалы қазіргі мал санына сәйкес бұл шаруашылыққа 30 мың гектар жер керек. Яғни тапшылық 25 мың гектарға жуық. Әйтсе де жергілікті әкімдік түйткілді біртіндеп шешеміз деп отыр.

Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу