Жаңаөзенде 10 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жаңаөзенде 10 мыңға жуық жұмыссыз тіркелген

24.04.2023

Жаңаөзен қаласында 4 жылдан бері арнайы алгоритммен 4 мың адам «ӨзенМұнайГаз» компаниясына жұмысқа орналасқан. Бірақ, кезектегі жұмыссыздар саны әлі де өзекті. Бүгін жергілікті әкімдік пен мұнай компаниялары басшыларының қатысуымен жиын ұйымдастырылып, бұдан былай жұмыссыздарды алгоритм аясында, «ӨзенМұнайГаз»-ға қарасты еншілес компаниялар мен мердігер мекемелерге жұмысқа орналастыру мәселесі талқыланды. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Жаңаөзенде мұнай саласына жұмысқа орналасу үшін, 10 мыңға жуық адам кезекте тұр. Бірақ, соның 2600-і ғана жұмыссыздыққа тіркелген. Ал 400 ден астамы жеке кәсіпкер, 4400-ге жуық тұрғынға зейнетақы қорынан аударымдар үздіксіз түсіп тұр. Дегенмен бәрі де Өзенмұнайгазға жұмысқа орналасу үшін кезек күтіп отыр. Алайда, аталған компанияның экономикалық жағдайы құлдырып барады. Сондықтан, жұмыссыздарды алгоритм арқылы еншілес және мердігер мекемелерге де жұмысқа орналастыру ұсынылды. Бүгінде Өзенмұнайгазға қызмет көрсететін 20-ға жуық ірі кәсіпорын бар.

Айбек Қосуақ, Жаңаөзен қаласының әкімі:

Жұмыспен қамту бөлімі арқылы ол жеке мекемелерге көбіне көп бізден адам ұсынылмай келді. Себебі ол мекемелер өзінің ішкі тәртібімен жұмысқа алып келген болатын. Сондықтан осы мекемелердің барлығының басшысын шақырып, алгоритмге кіргізейік сол мекемелерді жұмысқа алған кезде, тек қана біздің жұмыспен қамту бөлімі арқылы собез арқылы сұраныс беріп, біз сол жерде кезекте тұрған адамдарды сол мекемелерге ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Бұл ұсынысты «Қазмұнайгаз» компаниясы да қолдап отыр. Өйткені, мердігер мекемелерде жұмыс орындарын ашып, жұмысқа алу процесін жария түрде жүргізуі тиіс дейдікомпания өкілі. Сонда әлеуметтік әділеттілік орнамақ.

Дәулетжан Хасанов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының орынбасары:

Қоғамның мүддесі жеке мекеменің жеке кәсіпкердің мүддесінен жоғары тұру керек. Сондықтан бір келесімге келеуіміз керек. Біздер өте тығыз арады оны шешеміз деп ойлап отырмыз. Негізгі бағыт бойынша қарсылықтар жоқ. Бірақ оған қосылатын мердігер мекемелердің шеңберін, ішкі өздерінің ұжымдарымен келісімдерге келісіп алғананан кейін, қол қою рәсімі басталатын болады.

Алгоритм бойынша жұмыссыздар алдымен, коммуналдық мекемелерде уақытша қызмет етіп, кейін аутсорсинг бойынша «ӨзенМұнайГаз» компаниясына тұрақты жұмысқа орналасады. Енді дәл осылай жұмыс беретін мекемелердің саны арта түспек. Себебі, компаниялардың 90 пайызы ұсынысты қолдады. Мәселені тез арада шешу үшін, қоғамдық кеңес мүшелері, депутаттар,мұнай компаниясы мен кәсіподақ өкілдерінен тұратын жұмыс тобы құрылатын болды.

Данияр Қайыртай


Хабарламаларға жазылу