Бала әлімжеттікке тап болса, не істеуі керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бала әлімжеттікке тап болса, не істеуі керек?

16.04.2023

Осы аптада Алматы облысында екі бірдей жасөспірім әлімжеттік құрбаны болды. Бірі соққыдан алған дене жарақатынан кейін ес жимаса, екіншісі қысымға шыдай алмай өз-өзіне қол салған. Полиция олармен бір мектепте оқитын 17 жастағы бозбаланы ұстады. Қазір істің ақ-қарасын анықтап жатыр. Оған дейін елдің Шығысы мен Оңтүстігіндегі мектеп оқушыларының әлімжеттігі желіде біраз резонанс тудырған еді. Соңғы кездері “буллинг” яғни «қудалау» сөзіне осы «кибербуллинг» қосылды. Бұл дегеніңіз - әлімжеттікті интернет арқылы өршіту. Алайда осындай сипаттағы видео таратқаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін екенін көпшілік біле бермейтін сияқты... «Вертер эффекті» деген бар. «Вертер синдромы» деп те айтылып жатады. Неміс жазушысы Гетенің «Жас Вертердің азабы» романынан кейде пайда болған феномен. Оған сай, суицид туралы Бұқаралық ақпарат құралдарында, желіде, кинода жаппай жарияланған сайын өзіне-өзі қол жұмсайтындар көбейеді. Зерттеулер солай дейді...

Бұл өзі - өте нәзік тақырып. Насихаттаудан аулақпыз. Дегенмен, салдары ауыр екенін де елемей қою мүмкін емес. Бала әлімжеттікке тап болса, не істеуі керек? Қоғам болып бұл мәселені қалай шешкен дұрыс? Психологтар мен заңгерлер не дейді? Елдос Есенбол осы сұрақтарға жауап іздеді.

Елдос Есенбол, тілші:

Юнесконың мәліметінше жыл сайын әлем бойынша 246 миллион бала мен жасөспірім қатарластарынан қағажу көреді. Әлі жеткендері әлсізге әлімжеттік жасайды. Күштілері қорғансызға күн көрсетпейді. Бұл қатарда Қазақстандық жасөспірімдер де бар.

Елдос Есенбол, тілші:

Осындай видеолар ғаламтор кеңістігінде «өріп жүр». Біздің мақсатымыз жәбірленушілердің жарасына тұз себу емес. Керісінше, осы бір жаман әдет қайдан шықты? Оны қалай тоқтатпақ керек? Әлде расында бүгінде бала тәрбиесіне селқос қарап жүрміз бе? Осы сауалдарға жауап іздеу. Алдымен мынаны анықтап алайық. Бүгінгінің баласы тым тентек пе? Немесе бұл бұрыннан келе жатқан «үрдіс» пе?
- Мен емес біздің ауыл... Жалпы көрші ауылда да бәрінің жолдастары...
- Біз де бала болдық. Бала кезде баламен бала әсіресе ер балалар төбелеседі. Бір-бірін мазақтайды жалпы бала деген өте қатыгез қауым.
- Біздің заманымызда болды төбелес. Бірақ ондай төбелес балдардың төбелесетінін білетінбіз. Бірақ иә мұғалім білмейді оны, иә қыздарға көрсетпейді...

Қай буынның өкілін сөйлетсеңіз де, балалық шақта төбелескенін мойындайды. Бірақ, ол мектептің, әрі кетсе ауылдың ішінде қалатын дейді. Ал, қазір...

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір мысалы интернеттің пайда болуы сені бір минуттың ішінде ютубтың жарық жұлдызы қылып жіберуі мүмкін да тырнақшаның ішінде. Адамның өзінің жеке кеңістігі деген ұғым бізде көп сақтала бермейтін.

Бірақ көпшілік мұның қылмыс екенін білмейді. Тіпті, кейбіреуі видео таратып, буллингке қатысып отырғанынан да бейхабар болуы мүмкін.

Кәмшат Шынтекова, заңгер:

Жасөспірімдердің фото-видео бейнесін немесе жаңағы рұқсатсыз фото-бейнені шығару ол ҚР Қылмыстық кодексінің 147 бабы яғни жеке өмірге қолсұғылмаушылық ҚР Дербес деректерін сақтау. Заң қарастырылған жауапкершілік 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген.

Жалпы, мектеп жасындағы балалар нені бөлісе алмайды? Олардың қатыгез болуына не себеп?

Балабек Сақтағанов, Ы.Алтынсарин ат. Ұлттық білім академиясының бас сарапшысы, психология ғылымдарының докторы:

Ғылымда өтпелі кезең деп аталынады. Сол уақытта жастардың өзін ортада мойындатуы, өзіндік менінің өте қатты жоғарылауы басқаларға күш көрсету арқылы өзінің ішінде жасырынып жатқан негативті энергияларды. Ұрып-соғумен болмаса біреулерді мазақтаумен әрине сыртқы көріністерін беріп жатады.

Жасөспірімдердің психикалық ерекшеліктерінің бірі: оларға болып жатқан процесс қызығырақ. Яғни, көп жағдайда бұның соңы неге әкеліп соғуы мүмкін дегенді ойламайды. Мектеп жасындағы балалардың бір-бірін төмендетуге құмарлығы да содан деп түсіндіреді психологтар. Ал ардагер ұстаз «бар мәселені физиологиялық өзгерістерге арта салуға болмайды», - дейді.

Айнаш Қалиева, ҚР Білім беру ісінің үздігі:

Қазіргі ата-аналар ойлайды балама қымбат телефон алып берсем, қымбат киім кигізсем осы менің баламды жақсы қылып өсіріп жатқаным деп. Олай емес. Балаға тәрбие керек. Әсіресе ер балаға әке тәрбиесі керек те, қыз балаға шеше тәрбиесі керек.

Кейде дәл сол бірінде бар, екіншісінде жоқ соңғы үлгідегі сәнді киім, көреалмаушылыққа, төбелеске, қорлауға ұласады. Өкініштісі, мұның соңы қайғылы аяқталуы мүмкін. Биыл үш айдың өзінде ел бойынша 36 жасөспірім суицид жасап өмірін қиған. Оның 81 пайызы толыққанды отбасыдан шыққан. Тағы тоқсан тоғызы суицид жасауға тырысқан. Ал олардың өмірден түңіліп жүргенін айналасы байқай бермеуі мүмкін.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізі 150-200 балаға бір психолог келуі керек. Бізде бір психолог 2-3 мектепте жұмыс істейтін жағдайлар бар. Барып қарап жүру керек. Мына балалар төбелесіп жатыр, мына баламен ешкім ойнамайды екен.

Жалпы, Қазақстанда психологқа жүгіну мәдениеті әлі қалыптаспаған. Психология саласындағы ғылыми жұмыстардың да саны аз. Бұл бағыттағы оқулық, кітаптарға соңғы жылдары ғана сұраныс арта бастады. Психологтарға көмек ретінде инспекторлар қызметі қосылған еді.

Ержан Жүренбай, ҚР Оқу-Ағарту министрлігі балалардың құқықтарын қорғау комитетінің басқарма басшысы:

Кәмелетке толмағандар құқықтары жөніндегі инспекторлар бар. Бірақ, былтырдан бері олар аумақтыққа көшірілді. Бүгінгі күні олар мектепте отырмайды. Олар мысалы өзінің бөліп берген учаскесіне жауапты болады. Ол жерде мысалы бір мектеп пе, үш мектеп пе сол учаскеге жауапты болады.

Демек, олар да дер кезінде келіп үлгермеуі мүмкін. Соңғы уақытта оқушылар арасында зорлау фактілері де жиілеп кеткен. Мысалы, бірнеше апта бұрын ғана «Алматы облысындағы мектептердің бірінде үшінші сынып оқушысын бесінші сыныптың балалары зорлапты» деген ақпарат тарады. Мұны жергілікті құқық қорғау органы растады. Ал жарияланбағаны қаншама...

Дина Смайылова, «Не Молчи» қоғамдық қорының жетекшісі:

2022-2023 жылдары мектепте зорлық көрдім деген 22 бала мен жасөспірім хабарласты. Оның барлығы да ер балалар. Жәбірленушілердің орта жасы 7-8 жас шамасында. Күдіккке ілінгендер 10-13 жаста. Ол балалар ешқандай қылмыстық жауапкершіліккке тартылмайды. Тек арнайы мектеп-интернаттарына ғана жіберуге болады. Бірақ оларға да кез-келген баланы ала бермейді.

15 жылдан бері балалар мен әйелдер құқығын қорғап жүрген заңгер Кәмшат Шынтекова мұндай оқиғалардың жарияланбауына мектеп басшылығын кінәлайды.

Кәмшат Шынтекова, заңгер:

Жалпы қоғамда қаншама істермен айналысып келемін мектеп тарапынан осы әлімжеттікті жасыру фактілері өте көп.Мектеп деңгейіндегі директордың осындай қылмыстарды жауып қалғанынан мына жақта қоғам өз бетінше тергеу жүргізіп өз бетінше қылмыстың бетін әшкере қылып беріп отыр.

Қазақстанда мектеп басшылары жаман атты болудан қорқып, жасыруға тырысса, өзге елдерде жағдай қалай екен?! Мәселен, АҚШ-та әрбір бесінші оқушы буллингке ұшырайтын көрінеді. Ал әрбір оныншы бала, тіпті, білім ордаларынан шығып кеткен. Қазір Монтана штатаның депутаттары арнайы заң жобасын дайындап жатыр. Себебі қазіргі ереже бойынша буллерге қарымта қайтарған оқушының өзі жазықты болып қалуы мүмкін. .

Джедиах Хинкл, депутат:

Монтанада егер сізге өміріңізге қауіп төндіретін физикалық шабуыл жасалса қорғану үшін ол адамға соңы өлімге әкелсе де, күш қолдануға құқылысыз.Мектептен тыс жерде жұрт өздерін заңды түрде қорғай алады да, бірақ неге мектептің ішінде ол мүмкін емес?

Ал Қазақстанда буллинг сөзі заңнамаға былтыр мамыр айында ғана енгізілді. Оған дейін бұл ұғым ешқандай құжатта бекітілмеген еді. Сондықтан да елде нақты қанша бала мен жасөспірімнің әлімжеттікке ұшырайтынын тап басып айту қиын. Депутат Айдос Сарым заңның қабылдануы мен оның жүзеге асуы екі түрлі қарқынмен дамып жатыр дейді.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Адамдардың өзі сотқа шағымданып өзінің құқығын, құқықтық шеңбердің ішінде қорғау білуі керек. Оған тиісті адвокаттар мамандану, кәсіптену керек сияқты. Заң органдарына ғана жүктеп өзіңнің белсенділігің жоқ болып кетпеуі керек.

Елдос Есенбол, тілші:

Осы заң талқыланған кезде қоғамның бір бөлігі қарсы болғаны есіңізде шығар?! «Бала қай заманда да төбелесіп өскен» деп, бұл мәселеге бей-жай қарайтындар да аз емес. Сондықтан депутат та, заңгер де, психолог та, ең алдымен, буллингке қарсы мәдениет қалыптастыру керек екенін айтады. Ал бала әлімжетікке тап болса, олардың құқығын қорғайтын 111 КОЛЛ орталығына хабарласуға болады. Мамандар заңдық, моральдық тұрғыдан көмек көрсетеді. Тәулік бойы, үзіліссіз. Балалардың үміті үзілмесін деп...

Елдос Есенбол


Хабарламаларға жазылу