Құжатта аты-жөні қате жазылған азаматтарға қайтпек керек? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құжатта аты-жөні қате жазылған азаматтарға қайтпек керек?

15.04.2023

Құжатта аты-жөні қате жазылған азаматтарға қайтпек керек? Оны өзгертуге қанша уақыт кетеді және қандай талаптары бар? Толығырақ білгіңіз келсе экранға жақындаңыз. Біз оңай жолын түсіндіреміз. Әріптесім Асылбек Данияр «Біле жүріңіз» айдарында нақты нұсқаулықты көрсетеді.

Асылбек Данияр, тілші:

Қазақстанның әрбір азаматы атын, тегін және әкесінің атын өзгертуге құқылы. Оған кез келген себеп болуы мүмкін. Біреулер отбасылық жағдайына байланысты өзгертіп жатса, басқалары – аты-жөнінде кеткен қателіктен, яғни өз қалауымен. Соңғы кезде өзекті болып тұрған тағы бір мәселе - тегіндегі -ов, -ова, -ев, -ева, -ин, -ина жұрнағынан бас тарту. Ол үшін азамат Халыққа қызмет көрсету орталығына жүгінуі тиіс.

Өтініш беру кезінде мынадай негіздемелер назарға алынады: атының, әкесiнiң атының, тегiнiң оғаш естiлуi немесе айтуға қиындық келтіруі; құжатта аты-жөнінің қате жазуылуы, неке қидыру кезінде жұбайымен ортақ текте болғысы келген кезде; егер неке бұзылса яки жұбайы қайтыс болса некеге дейiнгi тегiн қайтару; жеке сәйкестендіру нөмірі мен туған күні қате көрсетілсе, тағысын тағы.

Алдымен азамат тегін, атын, әкесінің атын өзгерту туралы өтініш жазады. Одан бөлек: өтінім берушінің туу туралы куәлігі; жеке басын куәландыратын куәлігі, некеде тұрса неке қию туралы куәлігі; кәмелетке толмаған балалары болса, баланың туу туралы куәліктері; Айта кеткен жөн, өтінішті 16 жастан асқан азаматтардың өздері, одан кіші жастағылар ата-анасымен барып береді.

Бірінші туу туралы анықтама алу үшін өтініш бересіз. Мемлекеттік баж алым 1 725 теңге. Ал, балаларыңыз болса, олардың әрқайсының туу туралы куәлігіне бір айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде яғни, 3 450 теңге төлейсіз. Неке қию туралы куәлігін алу үшін де дәл осы сомма сұралады. Құжат азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінде қарастырылып, бес жұмыс күні ішінде дайын болады.

Құжатты алған соң жеке куәлік пен паспорт алуға өтініш бересіз. Жеке куәлік үшін 690, ал паспорт үшін 27600 теңге төлейсіз. Ол 15 жұмыс күні ішінде дайын болады. Құжатты Астана, Алматы, Шымкент қаласында бір жұмыс күні ішінде алу қарастырылған. Ол үшін қосымша 4983 теңге, үш күнде алғыңыз келсе 2750 теңге төлейсіз. Үшінші жүргізуші куәлігін, машинасы болса, техникалық паспортын ауыстыру үшін мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына жүгіну қажеті. Қызмет көрсету құны – әр құжатқа 4312 теңге. Ол 2 сағаттың ішінде дайын болады. Төртінші өзіңіздің есеп-шотыңыз бар банк бөлімшелеріне барып, жеке деректеріңізді өзгертесіздер. Қызмет көрсету 15 минут уақытыңызды алады. Соңғысы аты-жөніңізді өзгерткеніңіз туралы немесе туу туралы анықтама алу керек. Бұл да ақылы, мемлекеттік баж салығының көлемі – 1035 теңге. Ол үш жұмыс күні ішінде дайын болады. Құжатты өзіңізбен бірге алып жүру міндетті.

Сондай-ақ, орта және жоғары білім туралы дипломдарды ауыстырудың қажеті жоқ. Жалпы, аты-жөніңізді өзгерткісі келген бойдақ азаматтар орташа есеппен 4300 мың теңгедей, ал отбасы барлар кемі 50 мың теңге жұмсайды. Ұсынған дерегіміз қажетіңізге жарасын.

Асылбек Данияр

Хабарламаларға жазылу